Тиімді жастар саясаты - мемлекет беріктігінің басты шарты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңғырудың негізгі күші және Жаңа Қазақстанның жаңару көзі ретінде жастар рөлі ерекше. Қазақстанда жастардың саны 4 млн-ға жуықтады. Бұл өз кезегінде еліміздің әрбір бесінші тұрғыны жас азамат деген сөз. 2000-шы жылдардың ортасында және екінші жартысында елімізде бала туу көрсеткіші күрт өскенін ескерсек, қазір жастардың мәселесіне егжей-тегжейлі мән беру керек екені байқалып отыр.

Сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде палата спикері Мәулен Әшімбаев «қасіретті қаңтар» оқиғасы жағдайы жасалмаған жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсеткенін атап өтті.

«Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі диструктивті күштердің қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біздер үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдығына айналды. Жалпы, тиімді жастар саясаты мемлекеттің беріктігі мен тұрақталығының басты шарты екені анық», - деді Сенат төрағасы.

Атап айтқанда, елімізде жастарға қатысты жүйелі әрі кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өзекті әлеуметтік-экономикалық проблема бар. Ең алдымен, сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесі. Қазір қалалық және ауылдық мектептердегі білім сапасында айтарлықтай алшақтық бар екені көпшілікке мәлім.

«Оны Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де көрсетіп отыр. Пандемия кезінде интернетті тарату деңгейі қала мен ауылда біркелкі болған жоқ. Оның салдары алшақтықтың тағы да ұлғаюына әкеліп соқтырды. Ал, сапалы білімнің тең дәрежеде болмауы әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себептерінің бірі екені сөзсіз», - деді М. Әшімбаев.

Жоғары білімнің деңгейі мен оған деген сұранысқа қатысты мәселелер де аз емес. 2021 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірі еңбек нарығында сұранысқа ие болмаған. Соған қарамастан, экономиканың бірқатар саласында техникалық мамандар мен білікті жұмысшылар жетіспей жатқаны өкінішті.

Сенат төрағасы атап өткендей, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.

«Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12 пайызы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенатор Нұртөре Жүсіптің пайымынша, Жаңа Қазақстанды құру үшін өскелең ұрпақ әлеуметтік жағынан қорғалуы керек. Ал бұл жерде, Үкіметке, әсіресе, жастарды оқыту мен жұмысқа орналастыруға қатысты сұрақтар жеткілікті.

Осы орайда реформалардың нәтижесі салынатын қаржы мен адам ресурсына тәуелді, сондықтан кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігіне көп нәрсе байланысты.

«Ал енді елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек. Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары толығып келеді. 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүр», - деді депутат.

Нұртөре Жүсіптің сөзіне қарағанда, жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары тиісті нәтиже бермей отыр, өйткені қаржының басым бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалады. Ал, бұл тәсіл мәселені шешпейді. Соңғы 5 жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге бөлінген. Бұл тұрғыда осы қомақтың қаражаттың игерілуінен қандай нәтиже болды деген орынды сұрақ қойылып отыр.

Сенаторлар көтерген бұл мәселелерге байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіруге тырысты.

«Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы мәселесі бар екені де белгілі. Бұл қоғам тарапынан, сенаторлар тарапынан көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Осы алшақтықты жою үшін мектептерді модернизациялау жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл ауыл мектептерін білім сапасына тікелей ықпал ететін – пәндік кабинеттермен, кітапханалармен, интернетпен және мектеп жиһазымен жабдықтауға бағытталған. Өткен жылмен қосқанда биыл 2 мыңнан аса ауыл мектебі осындай жаңғыртудан өтеді (2025 жылға қарай 5000 мектеп)», - деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар ол мектептегі білімнің деңгейі ұстаздардың біліктілігімен де байланысты екенін атап өтті. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үздік мұғалімдерді өңірлерге тартуға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бағдарламаға сәйкес білім сапасында алшақтық бар өңірлерге (Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Алматы облыстары) баратын, іріктеуден өткен педагогтерге үстемақы төленетін болады.

Бұдан бөлек Үкімет басшысының орынбасары елімізде 490 мыңға жуық жас колледждерде білім алып жатқанын айтты.Бүгінде олардың 40%-дан астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінді. Колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілді. Оқу бағдарламалары толығымен жаңартылды.

«Жоғары оқу сапасы сенаторлар тарапынан өткір көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Бұл салада бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматы қаласында британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман дайындау жобасы іске қосылады. Бұл жастарға шетелге шықпастан, әлемдік рейтингіде алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Студенттер шәкіртақысы мен грант көлемі артады

2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 пайызға ұлғайту жоспарланған. Е. Тоғжановтың айтуынша, бұл қадамдар аталған өңір жастарының білімін лайықты деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шешім.

«2025 жылға дейін студенттер стипендиясы жыл сайын 20 пайызға, ал магистранттар мен докторанттар стипендиясы 15 пайызғаш артады. Бұл жалпы 130 мыңға жуық студент, докторантты қамтиды. Студент жастар үшін өзекті мәселелердің бірі жатақхана тапшылығы. Оны жүйелі шешу мақсатында соңғы 3 жылда 30 мың орын берілді. Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға тапсырылады», - деді ол.

Мұнымен қоса, Үкімет жас ғалымдар үлесін 50%-ға немесе 17 мың адамға дейін ұлғайту міндетін қойып отыр. Бұл үшін жас ғалымдардың идеяларын қаржыландыру бойынша арнайы конкурстар өткізіледі. Қазірдің өзінде жалпы құны 26 млрд теңге болатын 451 жоба қаржыландырылып жатыр. Алғаш рет «Жас ғалым бағдарламасы аясында постдокторанттарға еңбекақысы 500 мың теңге болатын 1000 грант бөлінеді. Ал биылдан бастап жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде 160 мыңнан аса жас азамат «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантпен қамтылатын болады. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастар практикасына қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, оған қатысатындардың субсидияланатын жалақы мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды», - деді Е. Тоғжанов.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға берілетін жыл сайынғы өтеусіз 10 мың грант көлемі 600 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бағдарлама аясында 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру кезінде жастар да жұмысқа тартылатын болады.

Айтпақшы, биыл пилот ретінде Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында «Zhas project» жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын 1000 жас азаматқа өз ісін ашу үшін 1 млн теңгеден грант беріледі. Бұдан бөлек, жастарды жұмыспен қамтудың жаңа бағыттарының бірі - креативті индустрияны дамыту. Сондықтан, Халықтың табысын арттыру бағдарламасында осы саланы дамытуға ерекше екпін қойылып отыр. Талантымен ауқымды жобаларды сәтті іске асырған жастарымыз бар. Осындай жастардың айналасында креативті индустрияны дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет.

Бүгінде жастар жұмысқа орналасу кезінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан қиындықтарға тап болып отыр. Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес жастарды экономикаға нақты қажетті мамандықтарға бағыттау бойынша іс-шаралар ескерілген.

«Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбектің жетекшілігімен Павлодар облысында Жаңа кәсіптер атласы тәжірибеден өтті. Осы тәжірибенің негізінде кадрларға сұраныстың өңірлік карталары әзірленіп, қолданысқа енгізіледі. Колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға арналған 100 шағын кәсіпорын құру іске асырылады. 410 колледжге қамқорлықты жүзеге асыру бойынша 500-ге жуық кәсіпорынмен келісімдерге қол қойылды. Университеттерде студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса карьералық орталық құрылып жатыр. Жоғары оқу орындарына түлектерге диплом беріп қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына көмектесу, сүйемелдеу міндеті жүктеліп отыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Жастардың баспана мәселесі

Сенатор Нұртөре Жүсіптің атап өтуінше, елде «7-20-25», «5-10-15» және басқа бірқатар тұрғын үй бағдарламасы болғанымен, бірақ жастардың біразы баспана мәселесін шеше алмай келеді.

«Біріншіден, жастардың алғашқы жарна төлеу қабілеті төмен. Екіншіден, пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Осыны төмендетуге неге болмайды? Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қолға алынған жастардың үй алу бағдарламасын өзге өңірлерге де қолданған дұрыс деп есептеймін», - Н. Жүсіп.

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов 2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктермен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Қазіргі кезде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 3 өңірде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Енді жыл соңына дейін басқа да өңірлерде осы тектес бағдарламаны іске қосу қарастырылып отыр.

Оның айтуынша, 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7 мың жалға берілетін (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент) баспана ұсынылды. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтерді ұсыну жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін жалдамалы тұрғын үй беру қағидаларына жастардың айлық табысын растау талаптарын 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін баспана алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

«Қазіргі кезде «Отбасы банкінің» жинақтаушы баспана депозиттерінде 250 млрд теңгеден астам сомаға жастардың (29 жасқа дейінгі) 500 мыңнан аса депозиті ашылды. 2025 жылға қарай жастардың баспана жинақтарының көлемін 800 мың депозитке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жастар арасында баспанаға алуға жинақ ашу мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй салымын жинақтаудың маңызын біздің жастарымыз түсінуі қажет. Әрбір отбасының берекесі шаңырақтан басталады. Ол үшін тынымсыз еңбек пен ұқыпты қаржы жинақтау мәдениетінің маңызы ерекше», - деді Ералы Тоғжанов


Соңғы жаңалықтар