Терроризмге қарсы күресте татулық керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданған болатын. 

Сол жылы 15 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші Тұрақты Өкілі тағайындалған еді.

Қазақстан БҰҰ-ын барынша беделді, әмбебап халықаралық ұйым ретінде таниды. БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы, кикілжіңдерді шешудегі және өзге де қауіп-қатерлермен күрестегі орталық рөлін нығайтуды мейлінше жақтайды.

«Қазақстан халықаралық аренада да көп жұмыс атқарды. Бастамалар жеткілікті», - деген еді БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі, ҚР БҰҰ ДБ тұрақты Өкілі Норимаса Шимомура Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен өткен кездесуде.

Осы орайда республикамыздың әлемдік аренадағы абыройының асқақтай түсуіне Елбасымыздың БҰҰ басшылығымен кездесулері ықпал еткенін де айта кетейік. 2002 жылдың 17-18 қазанында БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан, ал 2010 жылдың 6-7 сәуірінде Бас хатшы Пан Ги Муннің Қазақстанға ресми сапары Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының дамуында айрықша маңызды рөл атқарды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы 2017-2018 жылдардағы Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына енді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты, яғни Жарғысына сәйкес, БҰҰ өз қызметінде келесідей 4 мақсат айқындалады:

  • бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;
  • ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту;
  • халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;
  • осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.

Сонымен бірге, бүгінгі таңда терроризмге қарсы тұру - Біріккен Ұлттар Ұйымының басым бағыттарының бірі болып саналады.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы барлық түрлері мен көріністеріндегі терроризмді қатаң айыптайды және бұл құбылыспен күресте әлемдік қауымдастықтың ұжымдық күш салысуын қолдайтынын атап кеткен жөн.

Бірнеше жылдар бойы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Қарарларының талаптарын бұлжытпай орындап келеді және жыл сайын БҰҰ Контртеррористік Комитетіне атқарылған жұмыс жөнінде Ұлттық баяндама дайындап тапсырады. Бұған қоса, Қазақстан Халықаралық контртеррористік коалиция қызметіне белсенді қатысуға бел буған болатын. Бұл тұста, еліміз терроризммен күрес туралы барлық 13 халықаралық әмбебап конвенцияларға қосылғанын да атап кету керек.

2015 жылы 29 -30 маусым күндері Вашингтон қаласындағы зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұру жөніндегі Саммит аясында Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің зорлық экстремизмге қарсы күрес бойынша өңірлік конференциясы өтті. Қазақстан терроризмге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастық халықаралық құқықтың барлық нормаларына сай жүзеге асырылуы тиіс деп санайды. Сонымен қатар антитеррористік шаррттық механизмдерді одан әрі жетілдіруді қолдап отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне сәйкес мемлекетте террористік ұйымдарды қаржыландыру мен ақшаны заңсыз ауыстыруға қарсы іс-әрекеттер жүйесі жолға қойылды.

Қазақстан тарапы көтерген бастамалар планетадағы тыныштықты сақтауда халықаралық саясатты тиімді қалыптастыруға ықпалын тигізуде.

 

Соңғы жаңалықтар