Теракт кезінде әскери жарғыны бұзған офицерлерге үкім шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында 5 маусымда орын алған террористік  акті кезінде жарғыны бұзды деп айыпталған 6655 әскери бөлімінің бұрынғы қызметкерлері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановқа сот үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Соттың үкімімен Қайнарбек Тастамбековке 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын жалпы режимдегі коллонияда өтейтін болады.

Ал екінші айыпталушы Қайырғали Оразжановты сот 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Екі майорды да сот əскери шендерінен айыруға үкім етті.   

Айта кету керек, Оразжанов  соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты толық мойындап, зардап шеккендерден кешірім сұраған болатын.

Тоқтала кететін жайт, әскерилерге "Қарулы шабуыл кезінде қызметіне немқұрайлы қарады және әскери жарғыны бұзды" деген айып тағылған болатын. Террористік топ тұтқиылдан шабуылдағанда  екеуі де әскери жарғыға сай әрекет етпеген.  Айыптау материалдарында көрсетілгендей, бесінші маусым күні Қайнарбек Тастамбеков  кезекші, ал Қайырғали Оразжанов көмекшісі болған.  Олар міндеттерін орындаудың орнына дәретхана терезесінен секіріп, қашып кеткен.  Соның кесірінен адамдар оққа ұшқан. Алайда, офицерлер өздеріне тағылған айыпты  мойындамайды.

Естеріңізге салсақ, Ақтөбеде маусымдағы теракт кезінде 7 адам қаза болып, 30-ы жарақаттанды. Арнайы операция кезінде 18 террористің көзі жойылып, тоғызы ұсталған болатын.

                                                                                                                                                                                                Зада Зейін

Соңғы жаңалықтар