Теннистен Майами турнирі: Бублик пен Кукушкиннің кіммен ойнайтыны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Майамиде (АҚШ) Miami Open presented by Itaú турнирінде қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкиннің қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик жарысты екінші айналымнан бастайды.

А.Бублик әлемнің 57-ракеткасы, сербиялық Ласло Дьере немесе рейтингте 71-сатыдағы чехиялық Иржи Веселыйдың біреуімен кездеседі.

Әлемнің 105-ракеткасы М.Кукушкин рейтингте 316-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Грэйпермен күш сынасады. Оны жеңсе, екінші айналымда жуырда өткен Dubai Duty Free Tennis Championships турнирінің жеңімпазы, кеше рейтингте 27-орынға көтерілген ресейлік Аслан Карацевпен кортқа шығады.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайыстарында америкалық Бьорн Фратанджелодан 5:7, 2:6 есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Майами турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Әйелдер арасында Қазақстаннан әлемнің 89-ракеткасы Зарина Дияс бірінші болып жарыс жолына шығады. Ол рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған америкалық Винус Уильямспен шеберлік байқасады.



Соңғы жаңалықтар