Теннис: Зарина Дияс Страсбург турнирінің ширек финалына шыға алмады
Әлемнің 76-ракеткасы З.Дияс екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 84-орында тұрған жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасты.
Мұның алдында US Open турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы, америкалық Слоан Стивенсті жарыс жолынан тайдырған жапониялық спортшы бұл жолы да бабында екендігін байқатты.
Н.Хибино 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағат 47 минутқа созылды.
Н.Хибино жартылай финалға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, Нидерланды өкілі Кики Бертенс немесе рейтингте 43-орындағы латвиялық Елена Остапенконың біреуімен таласады.
Жапониялық теннисші жартылай финалға өтсе, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесуі мүмкін. Ол үшін екеуі де ширек финалдық матчтарын ұтуы тиіс. Е.Рыбакинаның қарсыласы – қытайлық Чжан Шуай.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Страсбургте ширек финалға өткенін, Ю.Путинцеваның әлемдік рейтингте 27-орынға көтерілгенін, А.Бубликтің Гамбург турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.