Теннис: Зарина Дияс пен Елена Рыбакина жұппен екінші айналымға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Зарина Дияс пен Елена Рыбакина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп бастапқы кездесуін франциялықтар Ализе Корне мен Фиона Ферромен өткізді.

Бірінші партияда Дияс пен Рыбакина 6:4 есебімен басым түсті.

Тай-брейкке дейін барған екінші сетте франциялық жұп 7:6 (7:1) есебімен есе қайырды.

Үшінші, шешуші сетте қазақстандықтар жеңісті жұлып әкетті – 7:6 (10:5).

Тартысты матч 2 сағат 25 минутқа созылды.

Қазақстандық жұп екінші айналымда Беларусь өкілі Александра Саснович пен словакиялық Виктория Кужмовамен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында жұптық сында Александр Бублик пен Михаил Кукушкин де жарысты жалғастырады. Олар ертең екінші айналымда оңтүстіккореялықтар Джи Сун Нам мен Мин-Кю Сонгпен кездеседі.

Сондай-ақ әйелдер арасында жекелей сында Юлия Путинцева әлемнің 3-ракеткасы, румыниялық Симона Халеп, ал Зарина Дияс рейтингте үздік ондықты түйіндеп тұрған нидерландылық Кики Бертенспен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш бірдей теннисшінің «Үлкен дулыға» турнирінің үшінші айналымына өткенін, бүгін Е.Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар