Теннис: Зарина Дияс Чикаго турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 112-ракеткасы Зарина Дияс Чикаго WTA 125 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингте 114-орында тұрған италиялық Сара Эрранимен кездесті.

Бірінші партияда Зарина 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте 34 жастағы тәжірибелі теннисші есе қайырды – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда З.Дияс 3:1 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы таразы басын теңестірді. Дегенмен Зарина тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

2 сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық спортшы 3 брейк жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. С.Эррани 1 эйс жасап, 16 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

З.Дияс жартылай финалға шығу үшін әлемнің 66-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, америкалық Энн Лимен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 102-сатыдағы франциялық Осеан Доденді қиналмай ұтты – 6:3, 6:1.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Чикаго жарысын жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Е.Рыбакина жұптық сында да Цинциннати турнирінің екінші айналымына шықты.

Ал Александр Недовесов жұптық сында Германиядағы турнирдің жартылай финалына шықты.







Соңғы жаңалықтар