Теннис: Рыбакина Доха премьер турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Катар) премьер турнирін де жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина алғашқы айналымда әлемнің 72-ракеткасы, румыниялық Сорана Кырстямен кездесті.

Осы доданың 14-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы 20 жаста болса, бұдан он жыл бұрын үздік 25 теннисшінің қатарына кірген тәжірибелі қарсыласы 29-да еді.

Орталық кортта өткен бірінші партияда румыниялық спортшы брейкпен алға шықты – 2:0. Дегенмен қазақстандық теннисші сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Әйтсе де С.Кырстя қайыра брейкке қол жеткізді – 4:2. Содан кейін сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Екінші сетте Рыбакина брейкпен алға кетті – 3:1. Кырстя есепті теңестіргенімен, сосын қазақстандық теннисші қатарынан үш геймді алды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетті де Елена брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 5:1. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:1.

Тартысты бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.

Елена матч барысында 7 эйс жасаса, қарсыласы тек біреумен шектелді.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 62-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен кортқа шығады. Оны ұтса, әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен кездесуі әбден ықтимал. Өткен аптада қазақстандық теннисші әлемнің екінші және үшінші ракеткалары Симона Халеп және Каролина Плишковамен бетпе-бет келген еді.

Бұған дейін Е.Рыбакина биыл қатарынан төрт бірдей WTA жарысының финалына шығып, соның біреуінде ғана (Хобарт) жеңіске жеткен болатын. Ал Доха додасына ол алғаш рет қатысып отыр. Осы маусымда тамаша өнер көрсетіп келе жатқан қазақстандық теннисші WTA-ның чемпиондық кестесінде бесінші орында келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингте рекордтық 17-орынға көтерілгенін, ал Михаил Кукушкиннің Дубайда жеңіліп қалғанын, Юлия Путинцеваның Доха турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар