Теннис: Қазақстандық теннисшілерді ұтқан жұп Аустралия чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мельбурнда ерлер арасында жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда осы жарыстың 11-ракеткасы болып тіркелген америкалық Раджив Рам мен ұлыбританиялық Джо Солсбери корт иелері Макс Пёрселл мен Люк Сэвилмен кездесті.

Америкалық-ұлыбританиялық жұп қарсыластарын 6:4, 6:2 есебімен ұтып, чемпиондық атақты жеңіп алды.

Р.Рам мен Д.Солсбери жартылай финалда үш сетке созылған тартысты матчта қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Александр Бубликтің жолын кескен болатын. Финалға шығуға қазақстандық жұпқа сәл ғана сәттілік жетпей қалды.

Дегенмен М.Кукушкин мен А. Бублик Қазақстан тарихында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шықты. Бұған дейін М.Кукушкин жұптық рейтингте 143- сатыда тұрса, енді кемінде 68-орынға көтеріледі. 343-орындағы А.Бублик те жұптық сында үздік жүздіктің қатарына енеді.

Ерлер арасында жекелей сында бүгін финалда әлемнің 2-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович пен рейтингте 5-орында тұрған аустриялық Доминик Тим шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында Аустралия чемпионатының жеңімпазы анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар