Теннис: Федерация кубогының іріктеу матчында Қазақстан мен Бельгия құрамалары кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 7-8 ақпан күндері Бельгияның Кортрейк қаласында Федерация кубогының іріктеу матчында Қазақстан әйелдер құрамасы корт иелерімен күш сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осы кездесу қорытындысында жеңімпаз атанған команда Будапешт қаласында сәуір айында жаңа форматта өтетін финалдық сайысқа жолдама алады.

Аталмыш жауапты матчта ел намысын Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина және Ярослава Шведова қорғайды.

Биыл Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына дейін жеткен әлемнің 38-інші және 73-ракеткалары Ю.Путинцева мен З.Дияс қазір бабында деуге болады. А.Данилина жұптық сындарда көбірек көзге түсіп жүр. Я.Шведованың басқа табыстарын айтпағанда, жұптық сында екі мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанған құрамадағы ең тәжірибелі теннисші екендігі белгілі.

Бельгия құрамасын әлемнің 17-ракеткасы Элизе Мертенс бастап шығады. Сондай-ақ рейтингте 81-сатыдағы Кирстен Флипкенс, әлемнің 115-інші және 119-ракеткалары Исалин Бонавантюр мен Гретье Миннен де осал қарсыластар емес.

Қазақстан құрамасының капитаны – Диас Досқараев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық қос теннисшінің шетелде өткен турнирде топ жарғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар