Теннис: Елена Рыбакина Санкт-Петербург турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Санкт-Петербург WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 159-орында тұрған франциялық Осеан Доденмен кездесті.

О.Доден негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған-ды.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 5:2 есебімен алға шықты. Бұдан кейін оның сетті бітіретіндей мүмкіндігі болғанымен, оны пайдалана алмай, қарсыласының брейк жасап, таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды. Е.Рыбакина партия барысында төрт бірдей сейт-болын мүлт жіберсе, О.Доден тай-брейкте бірден жүзеге асырды – 7:6 (7:5).

Екінші сетте О.Доден брейкпен алға кетті – 3:1. Дегенмен Е.Рыбакина да қайыра брейк жасай біліп, өз геймін алды – 3:3. Есеп 5:4 болып, Рыбакина доп бергенде, франциялық теннисші қос бірдей матчболын пайдалана алмады. Содан соң қазақстандық спортшы брейкпен алға шығып, бұл жолы сетті жеңіспен тәмамдады – 7:5.

Үшінші, шешуші партияны Елена брейкпен бастады – 1:0. Тағы бір брейк – 3:0. Содан кейін қарсыласының қайыра брейк жасауына мүмкіндік бермей, есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:2.

Екі сағат 26 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 15 эйс жасады.

Е.Рыбакина жүлде қоры 848 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалына шығу үшін әлемнің 5-інші, осы доданың 1-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчич немесе рейтингте 21-сатыда тұрған грекиялық Мария Саккаридің біреуімен таласады.

Е.Рыбакина Санкт-Петербург турнирінің алғаш рет жартылай финалына шықты. Ол 2018 жылы 18 жасында ширек финалға дейін жеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердам турнирінің ширек финалына шыға алмағанын, Қазақстан әйелдер құрамасына Ярослава Шведованың басшылық ететінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар