Теннис: Елена Рыбакина Дохада әлемнің 1-ракеткасымен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Катар) премьер турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 62-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда бельгиялық спортшы басымдылық көрсетті – 7:5.

Есесіне екінші сетте Елена брейкпен алға шықты – 3:0. Содан кейін сетті жеңіспен аяқтай білді – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте бельгиялық теннисші брейк жасады. Дегенмен Рыбакина сол бойда қарымта қайырды – 3:3. Есеп 4:4 болғанда, Елена 0:40-тан өз геймін алып шықты – 5:4. Сосын қарсыласы доп бергенде, қос бірдей матчболын мүлт жіберді – 5:5. Ақыры мәселе тай-брейкте шешіліп, онда қазақстандық теннисші матчболдарының бірін пайдалана алды – 7:6 (10:8).

Аса тартысты бәсеке 2 сағат 21 минутқа созылды.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен кездеседі. Э.Барти бірінші айналымда қазақстандық Ярослава Шведованы жолдан тайдырған германиялық Лаура Зигемундты 6:3, 6:2 есебімен қиналмай ұтты.

Елена Э.Бартимен биылғы Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымында шеберлік байқасып, 3:6, 2:6 есебімен есе жіберген болатын.

Өткен аптада Е.Рыбакина Дубайда әлемнің екінші және үшінші ракеткалары румыниялық Симона Халеп, чехиялық Каролина Плишковамен күш сынасқан еді.

Қазақстандық теннисші биылғы жылдың екі айында төрт бірдей WTA жарысының финалына шығып, барлығы 21 матчта жеңіске жетті.

Бұдан бұрын 2009 жылдың алғашқы екі айында ресейлік Елена Дементьева 20 кездесуді өз пайдасына шешіп, рекорд жасаған еді. Е.Рыбакина осы көрсеткіштен асып түсіп отыр.

Е.Рыбакина сонымен қатар осылайша табысты өнер көрсетуінің нәтижесінде тапқан табысын 1 млн доллардан асырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Доха турнирін жеңіспен бастағанын, Александр Бубликтің Дубай жарысының екінші айналымына, ал Юлия Путинцеваның Дохада үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар