Теннис: Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасымен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы «Үлкен дулыға» турнирінің 29-ракеткасы болып тіркелген, 20 жастағы Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 119-орында тұрған бельгиялық Гретье Минненмен кездесті.

Бельгиялық спортшы негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған болатын.

Қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті.

Е.Рыбакина екінші сетте де брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Ақыры сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды.

Осылайша бұдан бұрын «Үлкен дулыға» додаларында алғашқы айналымнан аспаған Е.Рыбакина қазірдің өзінде спорттық жолында үздік көрсеткішіне қол жеткізіп отыр.

Қазақстандық спортшы үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады. Ол екінші ойынында словениялық Полона Херцогты 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Ерлер арасында қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин жұптық сындағы бәсекені сәтті бастады. Олар бүгін германиялық Кевин Кравиц пен Андреас Мьесті 6:3, 7:6 (9:7) есебімен ұтты.

Қазақстандықтар екінші айналымда аустралиялықтар Ллейтон Хьюитт пен Джордан Томпсон және оңтүстіккореялықтар Джи Сун Нам мен Мин-Кю Сонгтың қай жеңгенімен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Аустралия чемпионатын жеңіспен бастап, Юлия Путинцеваның да екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

З.Дияс екінші айналымда ресейлік Анна Блинковамен, Ю.Путинцева америкалық Даниэль Коллинзбен кортқа шығады.



Соңғы жаңалықтар