Теннис: Бублик Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Александр Бублик Рим мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 43-ракеткасы, 2014 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы, хорватиялық Марин Чиличпен кездесті.

Өткен жылы осы доданың бірінші айналымында А.Бублик қарсыласына 7:6, 2:6, 4:6 есебімен есе жіберген болатын. 2020 жылы Римде әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович чемпион атанған еді.

Бірінші партияда барынша жинақы ойнаған қазақстандық теннисші есеп 2:2 болған мезетте брейк жасай білді. Содан кейін сетке доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ - 6:4.

Екінші сетте есеп 3:2 болған кезде А.Бубликтің қателігінен кейін хорватиялық спортшы брейк жасап кетті – 4:2. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Үшінші, шешуші сәтте А.Бублик алдымен брейк-пойнтын пайдалана алмаса, М.Чилич ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ – 3:1. Ақыры матчты эйспен тәмамдады – 6:3.

Бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды.

Осылайша А.Бублик Римде биыл да М.Чиличтен айласын асыра алмады.

М.Чилич жүлде қоры 2,5 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың екінші айналымында әлемнің 5-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Рим турниріндегі қарсыластары анықталғанын, Александр Бубликтің әлемдегі үздік 40 теннисшінің қатарына кіргенін жазған болатынбыз.

Әйелдер арасындағы осы жарыста Ю.Путинцева аса тартысты матчта жеңіліп қалды.


Соңғы жаңалықтар