Теннис: Astana Open ATP турнирінде қазақстандықтардың қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Astana Open ATP 250 турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Александр Бублик доданы екінші айналымнан бастайды.

Турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген ресейлік Аслан Карацев, сондай-ақ сербиялықтар Душан Лайович пен Филип Крайинович те бірден екінші айналымнан қосылады.

Еліміздің бірінші, әлемнің 34-ракеткасы А.Бублик екінші айналымда испаниялық Фернандо Вердаско немесе сербиялық Миомир Кецмановичтің біреуімен кездеседі.

Михаил Кукушкин аустралиялық Джеймс Даквортпен кортқа шығады. Astana Open ATP 250 турнирінің өткен жылғы чемпионы, аустралиялық Джон Миллман іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен шеберлік байқасады.

Қазақстан чемпионы атанып, жарысқа арнайы шақырту алған Тимофей Скатов италиялық Андеас Сеппидің шамасын байқап көреді.

Сонымен қатар басқа да қазақстандықтар негізгі турнирге қатысудан үмітті. Ол үшін 19 қыркүйек күні басталатын іріктеу сайыстарынан сәтті өтуі керек. Денис Евсеев бастапқы кездесуін украиналық Илья Марченкомен, Григорий Ломакин швециялық Элиас Имермен өткізеді.

Жүлде қоры 480 мың АҚШ долларына бағаланған Astana Open ATP 250 додасы 26 қыркүйекте мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Словениядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын, Жібек Құламбаева мен Тимофей Скатовтың Қазақстанның абсолютті чемпиондары атанғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар