Теннис: Александр Бублик Санкт-Петербург турнирін жеңіспен бастады
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик бастапқы кездесуін орталық кортта дүниежүзілік рейтингте 304-орында тұрған ресейлік Евгений Тюрневпен өткізді.
Биыл 24 жасқа толған қос теннисші Санкт-Петербург өңірінде өскендіктен, бір-бірін жасөспірім шақтарынан жақсы біледі.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:1. Сол басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:3.
Екінші сетте де осы сценарий қайталанды – 3:1. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
1 сағат 5 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 12 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйспен шектелді.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 53-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфпен таласады. Ол алғашқы айналымда рейтингте өзінен екі саты жоғары тұрған аустралиялық Джеймс Даквортты 7:6 (7:1), 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Жүлде қоры 863 мың АҚШ долларынан асатын аталмыш дода 31 қазанда мәреге жетеді.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайыстарының финалында финляндиялық Эмил Руусувуориден 6:7 (2:7), 4:6 есебімен ұтылып, негізгі турнирден тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Қарағандыдағы турнирдің чемпионы атанғанын , Зарина Диястың АҚШ-тағы турнирдің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс әлемдік рейтингте үздік жүздікке қайта оралды.