Теңіз кенішіндегі 4 мың қызметкер вакцина алды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 4 мың қызметкер «Спутник V» вакцинасының I компонентін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, өңірде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алғысы келетін мұнайшылардың саны артқан.

«Теңіз кенішіндегі 4 мың қызметкер «Спутник V» вакцинасының I компонентін салдырды. «Теңізшевройл» компаниясы үшін денсаулық сақтау басқармасы бөлген вакциналар саны толық игерілді. Қазір Теңіз кен орны қызметкерлерінің арасында 9500 адам вакцинациядан өтуге ниет білдіріп отыр.​ Кен орнындағы қызметкерлерді вакцинациялау өңірге вакциналардың кезекті партиясының жеткізілуіне қарай жалғасады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлерін вакцинациялау ерікті түрде жүргізіліп жатыр. Кен орнын игеріп жатқан кәсіпорын қызметін ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына, мемлекеттік бағдарламалар мен хаттамаларға сәйкес жүзеге асыруды жалғастыруда.​

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 14 705 адам вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар