Теңгені еркін ағымға жіберу отандық кәсіпкерлерге тың серпіліс береді - В.Ким

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңгені еркін ағымға жіберу отандық кәсіпкерлерге тың серпіліс береді. Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ел экспортаушылары мен бизнесмендерінің кеңесінде «Қазақмыс» компаниялар тобының президенті және «KAZ Minerals» тобының ірі акционері Владимир Ким осындай ойын жеткізді.

«Сөз жоқ, шешім қабылдар уақыт келді. Біз, шахтерлер, металлургтер қауымы теңгенің бағамын түзету бойынша қабылданған шараны барынша қолдаймыз», - деді ол. Теңге курсын түзету бағдарламасы отандық кәсіпкерлерге үлкен басымдық әпереді. Ең алдымен қазақстандық қамту мен дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігі арта түспек. «Біз қазіргі таңда қазақстандық қамту бойынша 15 мың түрлі өнім өндіреміз. Подшипниктер, көпір крандары, сорғыштар. Ресей де соны шығарады. Металл өнімдері енді ресей өнімдерінен 15 -20 пайызға арзан түседі. Осындай шешім отандық өндірушілерге тың серпін беріп, қазақстандық қамтуға жан бітіреді», - деді В.Ким. Бизнесменнің пікірінше, екінші кезекте жаңа қадам дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асуына көмек береді. «Біздің дағдарысқа қарсы бағдарламамыз аясында баға төмен болып отыр. Мыстың құны 6 жылда, алтын, күміс құны 5 жылда, қорғасын мен мырыш құны да соңғы 5 жылда минимум көрсеткішке жетіп отыр. Қазір 2008 жылдан бері төмен бағаны ұстап отырмыз. Теңге бағасының еркін ағымға жіберілуі операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Қазір біздің көксегеніміз - жұмыс орындарын сақтап, жалақыны төмендетпеу», - деді В.Ким. Айта кетейік, Қазақстан 20 тамыздан жаңа экономикалық саясатқа көшті. Ұлттық валюта - теңге еркін ағымға жіберіліп, инфляциялық таргеттеу енгізілді.

Соңғы жаңалықтар