Тәжікстан президенті тәжік-ауған шекарасында ерлікпен көз жұмған қазақ сарбазын марапаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қазақстандық шекарашыны наградтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәжікстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 252 Жарлығымен Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қызметтік борышын орындау кезінде танытқан ерлігі мен жанқиярлығы үшін кіші сержант Раджан Армияұлы Батырқанов 1-ші дәрежелі «Спитамен» орденімен наградталды (қайтыс болғаннан кейін).

Тәжікстан халқы 1993-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жеке құрама атқыштар батальонының әскери қызметшілері көрсеткен ерлігін еске алып, құрмет тұтады.

Айта кетейік, Раджан Армияұлы (1975-1994) - жауынгер-интернационалист, батыр-шекарашы.

Жеке қазақстандық құрама батальоны Күршім взводының құрамында қызмет атқарды.

1994 жылы 28 қыркүйекте Хорог шекара жасағының учаскесінде тәжік оппозициясының екі жүзден астам Хаким бастаған содырлары Висхоров шатқалындағы 5-ші және 6-шы шекара заставаларының түйіскен жерінен бұзып өтуге тырысты.

Бұл ұрысқа қазақстандық құрама батальонның жеке құрамы белсене қатысты.

Хаким содырлары 9 жүк көлігі және екі «УАЗикпен» Калай-Хумб ауданының орталығы арқылы Ауғанстан Ислам мемлекетіне өту ниетімен мемлекеттік шекара сызығының бойындағы Хорог бағытына бет алды.

Лектің қозғалысын «Қара қол» лақап атымен белгілі болған содыр басқарды ( кейіннен «Хаттаб» деп танылған халықаралық террорист, 1995 жылдан 2002 жылға дейін Шешенстандағы Ресей федералды күштеріне қарсы соғысқа қатысқан шешен сепаратистерінің жетекшісі ).

Бұл ұрыста Раджан Батырқанов қарулы содырлармен болған қиян-кескі шайқасқа бірінші болып кірді.

Өз өмірінің құнымен қаруластарын құтқарып қана қоймай, ұрыста жеңіске жетуіне жол ашты.


Соңғы жаңалықтар