Тәуелсіздіктің қазаққа бергені көп – тарихшы Жаңабек Жақсығалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толатыны белгілі. Осыған орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ҚазАқпарат тілшісімен өз ой-толғамдарымен бөлісті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында тәуелсіздік алғаннан бері еліміз жеткен аса маңызды белестерге тоқталып, тарихи және ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай білу керектігін атап көрсеткен болатын.

Ғалымның пайымдауынша, үш ғасырға жуық бодандықтың қамыты мойнын әбден қажап, еңсесі түсіп, жігері қанша жаншылса да, жасымаған, ұлт қаймақтарын қанша жерден қынадай қырса да, қандағы бар тектілік қайта оралып соғатын генетиканың ұлы заңы бойынша асылдарын жарық дүниеге топ-тобымен әкеліп отырған арда халық үшін тәуелсіздіктен артық, одан қымбат ештеңе жоқ.

Қазақтан бірнеше есе көп, бірақ тағдырдың тауқыметі мен тарихтың теперішін көріп, елдігінен айырылған, мемлекеті жоқ халықтарды көргенде бұған әбден көз жетеді. Тәуба дейсің. Өйткені өмірде бәрі де салыстырмалы.

- Алдымен мына бір жайтқа тоқталсақ деймін, - дейді ғалым.

Сол тәуелсіздік жарияланған жылы елімізде мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны небәрі 40 пайыздың о жақ, бұ жағында болған екен. Өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында қаракөздердің осындай азшылыққа айналуы ғасырларға созылған отаршылдықтың қанқұйлы саясатының нәтижесі еді. Мәселен, АҚШ-тың кәнігі саясаткері Збигнев Бзежинский әйгілі «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында «Югославиядан кейінгі соғыс Қазақстанда болады» деп сәуегейлік жасауға дейін барды. Бұдан көп ұлтты, көп конфессиялы, көп ментальды елдің болашағына шыныменен сенімсіздікпен қараған әлемдік саясаттағы салмақты тұлғалардың аз болмағанын байқаймыз. Алайда мұндай сәуегейшілердің зілдей қып айтқандары бүгінгі күн биігінен сандырақтай көрінгенімен, сол кездегі жағдаймен алып қарағанда негізі де жоқ емес еді.

-Жаңабек Жаңабайұлы, ендеше, алдымен саяси тұрақтылық керек дейсіз ғой?

-Иә, саяси тұрақтылық сөз болғанда, біздің айналып өте алмайтын тағы бір шындығымыз, бұл, сөз жоқ, геосаяси тұрғыда қиын жерде орналасқанымыз. Біз тарихи әдебиеттегі бейнелі тілмен айтсақ, «аю» мен «айдаһар» атанған алып империялардың арасында сан ғасырлар бойы амалдап, ақырындап өмір сүріп келе жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Олардың бірінің халқының саны бізден он есеге жақын, екіншісінікі, жүз еседей көп екенін еске түсірсек, біраз нәрсенің беті өзінен-өзі ашыла түсері хақ.

Бабаларымыз: «Көршіні Құдай қосады» - дегенді де бекер айтпаса керек. Өз дәуірінің ірі геосаяси ойыншылары Әбілқайырдың Ресей және Жоңғариямен, Абылайдың Ресей және Қытаймен барынша арбасып баққанын, соның нәтижесінде империялардың жемсауында жұтылып кетпей, елі мен елдігін сақтап қалу жолында нағыз шығыс саясатшысына тән стратегиялық айла-амалдар мен тактикалық әдіс-тәсілдерді Қазақ дипломатиясының өзегіне айналдырғанын тарихтан жақсы білеміз. Олардың да басқалай жолы болмаған. Елбасының бұдан бұрын айтқан «Менің кабинетімде Абылай мен Әбілқайыр ханның портреттері ілулі тұр» деген сөзі осы ойымызды қуаттай түскендей.

Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көл-көсір табиғи байлығы, көптеген елдердің қуат көздеріне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзіндік салмақты орны һәм саясаты бар мемлекет екенін көрсетеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энергетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» (Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы салиқалы сұхбат // Алтын Орда. 2007. 17-19 сәуір), деген болатын.

Тіршілік заңы – күрес. Әлемде геосаяси ойындар әдеттегідей тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қанын төгіп, жанын берсе, ендігі күрес, ендігі мақсат –тәуелсіздікті мәңгілік ету.

Осы ретте аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білімі кемел Әбіш Кекілбайұлы 2007 жылы «Сырым – дала демократиясының реформаторы» деген сөзінде : «Мынау өліп-талып келген тәуелсіздікті ақымақ иттің алдына қойған ас сияқты төгіп алатын болсақ, ертең біздің күніміздің не болатыны әлі белгісіз. Оның үстіне бізге алтын сандықтың үстінде отырған алты жасар бала деп қарайтындар бар. Мен баяғыда тәуелсіздік алған жылы да осылай сөйлегенмін. Соған әлі де көзім жетіп келе жатыр. Жер астында жатқан байлық қазақтың бағы ма, соры ма, оны тарих шешеді...Тарихтың өрмегін сен тоқымайсың, ұлт тоқымайды. Тарихтың өрмегін бүкіл адамзаттың коллизиялары тоқиды. Сен соның қайсысына шыдам бере аласың, қайсысына ақылың жетеді, қайсысына күшің жетеді, қайсысына айлаң жетеді, қайсысына арамдығың жетеді», деген еді.

Осы айтылғандардың қай-қайсысы да ел тізгінін ұстаған ел ұстарларының, игі жақсылардың мойнында, өз халқының алдында қаншалықты жауапкершіліктің жүгі бар екенін көрсетеді.

-Тәуелсіздік қазаққа не берді, оны баянды ету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

-Еліміз тәуелсіздік алған кезде солтүстік облыстарда байырғы ұлттың саны 20 пайыздан да төмен болғаны ешкімге жасырын емес. 1959 жылғы халық санағы бойынша, республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың небәрі 29 пайызын ғана құрап, өз жерінде ұлттық азшылық жағдайына түскенімізді қазір мектеп оқушысы да біледі.

Атақонысында отырған байырғы ұлттың жанына бататын осы бір өте төмен көрсеткіш халқымыздың балажандығы мен өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қытайдан келген 200 мыңдай қандасымыздың арқасында 1960-1991 жылдар аралығында үш есеге жуық өсіп, еліміз тәуелсіздік жариялаған тұста қаракөздердің ұзын саны 7 млн-ға жетіп, соның өзінде республика халқының тең жартысын да құрай алмаған еді. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, мемлекет тарихында мемлекет құраушы титулды ұлттың саны ерекше рөл атқаратыны белгілі.

Біз осындай мүсәпір халге қалай түстік? Ол үшін тарихқа сәл шегініс жасағанымыз дұрыс. 1913 жылы Қазақ газетінде қайран Ахаң, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әлхамдуллаһи, әйтеуір қазақ 6 миллионға жеттік» деп қуанған екен (Кейбір мәліметтерде 8 миллион деп те кездеседі). Тура бір ғасыр, яғни жүз жыл өткеннен кейін республикадағы қазақ халқының көрсеткіші енді-енді көтеріле бастаса (Тәуелсіздік жылдарында шетте жүрген 1 миллиондай қандасымыз қазақ жеріне оралса, соңғы кезде елімізде бала туу көрсеткіші біршама жоғарылап, жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүние есігін ашып жатыр), кейбір деректер бойынша сол кезде 1-2 миллион болған «өз ағамыз» өзбектер қазір 30 миллионнан асып жығылыпты. Көршілеріміз сияқты еселеп өсудің орнына қазақ халқы өзінің атамекенінде тұрып-ақ құрып кетудің алдында тұрды.

Неге бұлай болды? ХХ ғасырда қазақтай азап көріп, «мың өліп, мың тірілген» халық жер бетінде сирек. Біріншіден, кеңестік кезеңде қазақ қолдан жасалған ашаршылық, ұлт асылдарын қынадай қырған қуғын-сүргін, нәубет пен зобалаңдар, әр түрлі қақтығыстар мен соғыстар, т.б. салдарынан қойша қырылды. Қазақ даласында өліктер тау-тау болып үйіліп жатты. Екіншіден, Голощекин кезінде жан сақтау мақсатында көрші елдерге миллиондаған қандасымыз көшіп кетуге мәжбүр болды. Үшіншіден,әуелі патшалы, кейін Кеңес одағы тұсында әртүрлі делимитациялар (шекара межелеу) тұсында кесіліп қалған жерлерімізбен бірге қандастарымыз шекараның арғы жағында көздері мөлдіреп қала берді.

Тек қана Кеңес заманында 5 миллион қазақ репрессия мен аштықтың құрбаны болып, 2 миллиондай қазақ шет елді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан астам қазақ дүние жүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әртүрлі ортада ғұмыр кешуде (Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. «Елтұтқа». Астана, 2001, 10-б.).

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін.

Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек.

Әсіресе, Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География –геосаясаттың маңызды факторының бірі» деп атап көрсеткен болатын.

Қалай десек те тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе, ол тарих болудан қалады. М.Шоқай айтпақшы, Тарих ешқашан ешкімді аямайды. Айтуға ауыз бармайды, халқының саны көп, бірақ мемлекеті жоқ, жат жұрттың жетегінде жаутаңдап өмір сүріп жатқан тарихи тағдырлары қиын халықтар қаншама?!

Ұлтымыздың басынан өткен талай тауқымет пен өзімізбен тағдырлас халықтардың тартқан азабын таным таразысына салсаң, қазіргі тірлігімізге тәуба демеске лажың жоқ.

Елімізде ең соңғы санақ 2009 жылы өтті. Санақ көрсеткіші бойынша жергілікті халықтың саны 65 пайыз болса, 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәліметте еліміздегі ұлттардың арасалмағы өзгергендігі байқалады: қазақтар 71 пайыз, орыстар 21 пайыз, өзге ұлттар 8 пайызды құраған екен. Ал биылғы жылы берген сұхбатында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Құдай қаласа, алда келе жатқан тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қазақ халқы кемінде 78 пайызбен қарсы алатындығы» туралы қуанышты хабарды жеткізді. Француз Ашиль-Клод Дебюсси «Кез келген билікті бағалаудағы өлшем сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халық санының өсіп немесе кемуінен байқауға болады», - деген екен. Осылай, ел аман, жұрт тыныш болса, қазақ халқының саны өз Отанында әлі де көбейе беретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұған да шүкіршілік!

Қазақ «Көп қорқытады, терең батырады» немесе «Сан сапаға жеткізеді» дегенді бекер айтпаса керек.

Бір ғана мысал, Орал қаласында тәуелсіздік тұсында ашылған №№1, 2, 4, 5, 10, 19, 22, 27, 29, 30, 33, 34, 36, 37, 38, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50 мектептердің барлығы қазақ тілді. Бейнелеп айтсақ, қаламыздың шеткі аудандарында жаңадан салынған қазақ тілді мектептер шаһарды сақиналап, шеңберлей бастағандай. Бұрынғы орыс мектептерінің өзі алдымен аралас мектепке айналып, сосын қазақыланып жатыр. Мысалы, №№12, 13, 14, 16, 18, 20, 21, 25, 26, 31, 45 мектептер.

Кеңестер билігі тұсында ұзақ жылдар астанамыз болған, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласының өзінде бір-екі ғана қазақ мектебі болса, сол тұста Орал қаласында бір ғана қазақ мектебі (қазіргі С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп) болғанын еске түсірсек, көп нәрсенің бізге өзінен-өзі түсінікті бола түсері хақ.

-Әр елді әуелі астанасына қарап бағалайды. Астанасы мықты һәм көрікті болса, ол елдің еңсесі биік, мәртебесі жоғары. Бұл ретте не айтар едіңіз?

-Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейінгі ел билігінің жедел қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру болды. Негізгі айтпағымыз –қалай болғанда да астана ауыстырудың ел болашағы үшін стратегиялық һәм геосаяси тұрғыдан тарихи маңызды шешім болғаны. Ел экономикасы әлі түзеліп кете қоймаған тұста осының бізге қаншалықты қажеті бар еді, - деушілердің де қарасы аз болмағаны мәлім.

Астаналардың лезде қанатын кеңге жайып, ондағы халық санының күрт көбейіп, жоғары жылдамдықпен еселеп өсетіні дүние жүзі тарихынан белгілі. Бір қарағанда, астаналардың ауысып, өзгеріп отыруы қалыпты құбылыс сияқты.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, Жапонияның ескі астанасы Киото (батыс астана), жаңа астанасы - Токио (шығыс астана), қытайларда Бэйцзин (бізше Бейжің) - солтүстік астана, ал Нанкин (Нанцзин) оңтүстік астана рөлін атқарды. Түркия астанасын Ыстанбұлдан Анкараға көшірсе, Ресейде Мәскеу мен Санкт-Петербург, АҚШ-та Филадельфия, Нью-Иорк, 1800 жылдан бастап Вашингтон болғанын тарихтан білеміз.

Алысқа бармай-ақ кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның астаналары да бірнеше мәрте өзгергені белгілі. Мәселен, олар Орынбор (1920-1924), Қызылорда (1925-1929), Алматы (1929-1998) болып жалғасады.

Қысқасы, тәу етер Тәуелсіздікке қадам басуымыз әлемдік тарих сахнасына көтерілген балауса мемлекет ретінде өз астанамызды өзімізге таңдау жасауға мүмкіндік берді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жаннаты Жетісуды қимай кеттік.Тарихтың қатал талабы осындай» деген сөзінің астарында зор мағына жатыр. ҚР Тұңғыш Президентінің әсіресе, «тарихтың қатал талабы осындай» деген сөзінің әр әрпінде зіл батпан ауыр жүк жатқаны ойлы оқырманға анық аңғарылып тұр.

Алты алаштың баласы республикамыздың түкпір-түкпірінен астанамызға ағыла бастады. Бұл - аксиома. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының саны 1 млн 200 мыңнан асты.

Тұжыра айтсақ, мемлекет астанасының елдің шетінде орналасуы геосаяси тұрғыда өте қауіпті. Мұны дәлелдейтін тарихи деректер жеткілікті. Осы ретте қазақ тарихының алты ғасырлық шежіресін көркем әдебиетте суреткерлік шеберлікпен сомдаған, сол жолда қыруар ортағасырлық деректермен жүйелі жұмыс жасаған классик жазушымыз І.Есенберлин «Алтын орда» трилогиясында мынадай тамаша үзік келтіреді: «Ал, ақылды болсаң сен маған мынаны айт... - Ол ерінбей орнынан түрегеліп, қолындағы күміс кесесін, үйдің дәл ортасында төсеулі жатқан түкті кілемнің ортасына апарып қойды. Сөйтті де қайтадан орнына кеп отырды. - Мынау жатқан түкті кілем ноғайлы, қыпшақ елінің жері, ал анау күміс кесе оның Ордасы - астанасы. Ақылды биім, сен мына кілемді баспай, бүлдірмей маған анау күміс кесені алып берші... - Төре би үндей алмай қалды. Қарт жырау кеңк-кеңк күлді. – Әрине, алып бере алмайсың. Оған ақылың жетпейді. - Қарт жырау енді жан-жағына түксие қарады. – Мүмкін, бұл кесені маған басқа біреуің алып берерсіңдер?!

Қане, қайсың барсың?! Тек кілемді баспайсыңдар...

Кең сарайдың ортасына төселген кілем үлкен еді. Оның үстінен жүрмей, күміс кесені алу тіпті мүмкін емес. Отырған жұрттың бірде-бірі үндей алмады.

- Қане? - деді Асан Қайғы, сөйдеді де, ханға қарады.

- Жарайды, мен алып берейін,-деді Жәнібек күлімсіреп.

Ол орнынан түрегеліп, кілемнің жанына барып бір шетінен бүктей бастады.

Сөйтіп, кілемді бүктей-бүктей ортада тұрған кесеге де жетті.

Еңкейіп қолына алып, Асан Қайғыға берді.

- Мінекейіңіз, - деді ол кесені ұсынып.

Өз жұмбағының шешімін тапқан ханға риза болған Асан Қайғы оған сәл жылы қарады.

-Сені жұрт босқа «әз» демесе керек-ті, - деді қарт жырау. – Ал енді менің Ордаңды бұл шаһардан неге көшір дегенімді түсіндің бе?

Жәнібек сәл басын иді.

- Түсіндім. - Ол орнына барып отырды.

Асан Қайғы, хан тапқан шешімге ақылы жетпей, күп-күрең боп қорланып отырған Төре биге бұрылды.

- Хан Ордасы деген ел Ордасы, - деді ол. - Орда халық үйінің алтын шаңырағы. Шаңырағы күйреп жерге құлаған жұрт көзінен айырылған бас келбетті... Ақылды хан ел кіндігін жер шетіне құрмаса керек-ті. Ел шетіндегі Орда жау алуға жеңіл. Ал жер ортасындағы Орда жау қолына оңай тимейтіні кәміл. Ол үшін жаңа өздерің көрдіңдер, мынау алып дала - кілемнің бір шетінен түріп, жолдағы шептердің бәрін жеңіп, сосын ғана жау Ордаңа тиеді келіп. Қандай мықты әскер болмасын бұл оңай емес. Бұнымды ешкім бұрыс демес».

Біздің қазіргідей ұлан-ғайыр аумаққа ие болуымыздың негізгі сыры ұлы бабаларымыздың өз заманында төрткүл дүние санасатын алып империялар құруымен тікелей байланысты. Бұл мемлекеттерді Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда сөйлеген сөзінде былай түзген еді: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар».

Ойымызды тобықтай түйсек, тоғыз жолдың торабында орналасқан әкімшілік әм қаржы орталығы, яғни елордасы - Нұр-Сұлтан шаһарының ел болашағы үшін тиімділігін дәлелдейтін дәйектер тек мұнымен шектелмесі анық. Оның толып жатқан басқа да қырлары мен сырлары жеткілікті.


Соңғы жаңалықтар