Валюта бағамдары:
    usd/kzt 431.07 eur/kzt 485.51

    rub/kzt 5.69 cny/kzt 67.47
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: °С
Алматы: °С

Тәуелсіздіктің 30 жылы: Ақмола облысының мәдениет саласы қалай дамып келеді

2021 жылғы 14 қазан 19:10

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Сала серпілісі – біздің бірлігімізде!» тақырыбындағы консультативтік кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі аясында ұйымдастырылған кездесуге ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар филармониялары мен концерттік ұйымдарының, Халық шығармашылығын дамыту орталықтарының директорлары, өнер шеруі аясында өткізілген шеберлік сағаттарына шақырылған мамандар қатысты.

Сонымен бірге, кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау, Ақмола облысының Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени дамуы, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің өзекті мәселелері төңірінде баяндамалар жасалып, саланы серпілту бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар - елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы кезеңге арналған басым мақсаттарын айқындап берді. Тәуелсіздігімізді жариялау арқылы біз осылайша ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын орындағанымызды атап өтті. Сонымен қатар, Президент Жолдауында дарынды жастардың жобаларын қолдауға және іске асыруға бағытталған шаралар кешенінің дайындалғанын жариялағаны бізді қуантпай қоймады. Халқымыз ежелден төл өнері мен мәдениетіне ерекше мән беріп, оны бізге аманат етті. Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен «Көкшетау - Қазақстанның мәдени астанасы» болып жарияланды. Біз үшін бұл үлкен абырой және жауапкершілік», - деді кездесуде Айна Мысырәлімова.

Облыс әкімінің орынбасары атап өкендей, Ақмола облысында Тәуелсіздік жылдары 7 мұражай, 123 кітапхана, 107 клуб ашылды, оның ішінде 91 мемлекеттік. 1991 жылдан бері М. Ғабдуллиннің және «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы мұражайлары салынды. Бұдан бөлек, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола музыкалық-драма театрының ғимараты қайта жаңартылды. Есіл ауданының Знаменка және Сандықтау ауданының Петровка ауылдарырында 2 ауылдық клуб салынды. Егіндікөл ауданы Алакөл ауылында Мәдениет үйі бой көтерді. Мұндағы барлық нысандар демеушілер есебінен салынып отыр.

Бүгінгі таңда Атбасар ауданының Бастау ауылында «Ауыл - Ел бесігі» республикалық жобасы бойынша тұрғындардың бос уақытын өткізетін орталықтың құрылысы жүріп жатыр, оны 2021 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарлануда. Қазір өңірде 2 театр, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, 11 мұражай, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы, 331 мемлекеттік кітапхана, 248 мемлекеттік клубтық кәсіпорын жұмыс істейді.

Сонымен қатар, облыста Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі жұмыс істейді, осы жылдың қыркүйек айында облыстық орыс драма театры жанынан Жастар театры ашылды. «Дәстүрлі әндер», «Ақындар орталығы» орталығын ашу жоспарланған.

Айта кетсек, «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының» үйлестіруімен өткізілуде.


Автор:

Аслан Оспанов

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар