Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Қызылорда облысына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тәуелсіздік жылдарында өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Жолдауы аясында аймақтың дамуы туралы мәлім етті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес Тәуелсіздік жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 пайыздан 30 пайызға дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9 пайыздан 6,3 пайызға дейін артты. Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге өсті. Өңірде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілер санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімі өндірісі – 0,5, оның ішінде өңдеу саласы – 12,6, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,3 пайызға өсті. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 6,6, құрылыс жұмыстары 2,4 пайызға артып, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5 пайызға артты», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Биыл 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүруде, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Аймақ экономикасына, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 2,6 есе артқан.

Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында биыл құны 45 млрд теңгені құрайтын, 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты да бар.

Сондай-ақ, Жаңақорған ауданы «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының және Арал ауданында кальцийленген сода зауытының құрылысы басталады. Шиелі ауданында «Баласауысқандық» ванадий кен орнында осы жылдың желтоқсан айынан бастап ферромолибден өнімі өндіріледі. Мұнымен қоса, Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы аясында қой, сиыр және жылқы етінен жасалған консервілер, күріш, қарақұмық ботқасы, жантақ балы, қауыннан жасалған чипсы және тағы басқа азық-түлік өнімдері өндірілуде.

Өңірде ішкі нарықты өз өнімдерімен толықтыру мақсатында 2% несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Ол мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген.

«Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жалпы көлемі 775 млн текше метрді құрайтын Қараөзек су қоймасын салу басталады. Біздің мақсат суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілікті әртараптандыруды және су ресурстарын тиімді пайдалану», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, Жолдауға тапсырмасына орай 2025 жылға дейін республика бойынша қайта жаңғыртылатын 120 каналдың 21-ін Қызылорда облысы аумағында жүзеге асыру көзделіп отыр.

Құрғақшылық салдарынан биыл Арал ауданында малдың қырылуы орын алды. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталды. Малшыларды жем-шөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге 600 млн теңге бөлінді.

Аталған төтенше жағдайға байланысты меценат Болат Өтемұратовтың қорынан 280 млн теңге қаржы бөлініп, аталған қаржыға Қостанай және Ақтөбе облыстарынан қажетті жем қоры тасымалданды. Оған қоса Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан 15 мың гектар жайылымдық жерлерін 5 жылға жалға алу жөнінде келісім жасалып, биылғы жылдың 30 қыркүйегінде Арал ауданы мен Ырғыз ауданы әкімдіктері екіжақты меморандумға қол қойды.

Аймақта биыл күріш егісі 89 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқартылған. Су тапшылығына қарамастан өткен жылғы деңгейде 500 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділік гектарына 59,8 центнерді құрады.

Өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрайды. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 14114 – тұрақты. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 849 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылған.

Бұдан бөлек, Гүлшара Әбдіқалықова коронавирус инфекциясын ауыздықтау бағытында тұрғындарға вакцина салу жұмыстарының қарқынын тізбектеді.

Қызылорда өңірінде әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып келеді. Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орталықтандырылған сумен, 65 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі жыл аяғына 75 пайызға дейін жеткізіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы қарқын алуда. Қала аумағын суару және көгалдандыру жобасы жүзеге асырылды, тағы 2 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.

Спикер апатты мектептерді жою мен жаңа нысандарды салу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл Қызылордада колледж студенттері үшін 475 орындық 3 жатақхана ашылды. Сонымен қатар, 1 қыркүйекке 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 2 жекеменшік мектеп бар. Жыл соңына дейін 900 орындық тағы 2 мектеп тапсырылады деп күтілуде. Оның біреуі апаттық мектептің орнына беріледі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 7 спорт кешені пайдалануға берілді, 6 спорт кешенінің құрылысы жалғасуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды 2021 жылғы 212 млн теңгеден келесі жылы 638 млн теңгеге ұлғайту (4312 бала үшін) жоспарлануда.

Сонымен қатар мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1522 баланы қамтитын үйірмелерге биыл облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы 2150 бала үшін бұл қаржы 301 млн теңгеге ұлғайтылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіңде Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты.

Биыл атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтті. Енді Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады. Ал, Бәбіш мола, Жанкент және Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлерге несие берілгені хабарланды.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында тұрғындардың 86 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.

Қызылордада Қорқыт Ата әуежайы кеңейтіліп, жаңа терминал салынады.


Соңғы жаңалықтар