Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: «Egemen Qazaqstan» газетінің «Атамекен» экспедициясы мәресіне жетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында басталған «Egemen Qazaqstan» газетінің «Атамекен» экспедициясы Алматыда өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Тәуелсізідктің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Атамекен» экспедициясының қорытынды жиыны Ұлттық кітапханада болды. Жиынға «Egemen Qazaqstan» газеті Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Асыл Сағымбеков, «Ана тілі», «Ұлан» газеттері, «Ақ желкен» журналының бас редакторлары, кітапхана ұжымы, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында «Egemen Qazaqstan» газеті Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ «Атамекен» экспедициясы жайлы толығырақ айтып берді.

«Атамекен» экспедициясы «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Казахстанская правда» газеттерінің ұйымдастыруымен өткізілді. Тамыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған экспедицияның негізгі мақсаты – ел өңірлерінің көрікті тарихи, мәдени нысандарын, көпшілік біле бермейтін киелі орындарын кеңінен насихаттау, елге тағы бір мәрте көрсету болды. Сонымен бірге, туризм саласында жеткен жетістіктер, отандық туризмдегі кейбір өзекті мәселелерді жазып жеткізу болды.

«Экспедиция екі бағытта жүрді. Бір бағыты Нұр-Сұлтан қаласынан орталық Қазақстанға, яғни, киелі Ұлытауға барып, одан ары батыс, оңтүстік өңірлерге қарай бет бұрса, екінші бағыты Көкшетау, Оқжетпес, Бурабай арқылы солтүстік Қазақстан, одан ары шығыс арқылы жүріп, екі бағыт Алматы қаласында түйісті. Экспедиция барысында байтақ еліміздің киелі орындарына арнайы барып, араладық. Солар туралы және басқа да келелі мәселелерді көтеріп, мақалалар жаздық. Сол арқылы жергілікті биліктің назарын аудардық деп ойлаймын. Мақалалар «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды», - деді Айбын Шағалақ.

Оның айтуынша, экспедиция құрамына екі газеттің өңірлердегі меншікті тілшілері, жергілікті әкімдіктердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері кіріп отырды.

«Экспедиция олжалы болды деген ойдамын. Біздің діттеген мақсатымыз орындалды деп отырмыз», - деп түйіндеді ол.

Жиын барысында сөз алған «Egemen Qazaqstan» газеті Алматы қосынының жетекшісі Жүсіпбек Қорғасбек еліміздің басқа өңірлерін айтпағанда, бір Алматының өзінде көптеген тарихи орындар бар екенін атап өтті.

«Алматыдағы тарихи орындардың үстіне құрылыстар салынып кеткен. Әрине, оларды біз қазір қазып ала алмаймыз. Дегенмен, құнды деректер бізге жетуде. Мысалы, Алматыдағы «Тастақ», «Ақсай» ықшамаудандарында тарихи орындар бар. Оның бәрі топырақтың астында жатыр. Сондай-ақ, бүгін Алматы іргесіндегі «Сақ қорғанына» бардық. Онда қаншама төбелер, қорымдар жатыр. Соның өзінен үлкен тарихты білуге болады. Бұл жерде ұзақ жылдарға жететін және мол қаржыны қажет ететін жұмыстар тұр. Міне, біз экспедиция арқылы осындай басты мәселелерге оқырманның, биліктің, жалпы халықтың назарын аудара алдық деп ойлаймын. Жалпы біздің мақсат осы болатын. Мақсат орындалған сияқты»,- деді Ж.Қорғасбек.

Ал «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай сөз арасында, Алматыдағы «Көктөбенің» басында Кенесары хан шатырын тіккен жер бар екенін атап өтті.

«Көктөбе» - ол біздің киелі жер. Онда Кенесары хан шатырын тігіп, отырған жері бар. Сондықтан ол жерді ойын-сауық құратын немесе жын ойнақ салатын орынға айналдыруға болмайды. Ол жерді қоршауға алу керек. Кейінгі кезде ол жерде мәдени іс-шаралар өтіп келеді. Меніңше оны қою керек. Экспедицияның мақсаты да әр өңірдің тарихи жеріне көңіл бөлу ғой. Сондықтан осындай мәселелерді талдап, айтқан дұрыс шығар деп ойлаймын»,- деді ол.

Кеш соңында «Атамекен» экспедициясының мүшелері журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамының қос басылымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Атамекен» мәдени-ағартушылық экспедициясын бастағанын бұған дейін жазған болатынбыз.






Соңғы жаңалықтар