ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ: Жамбыл облысы әлеуетін арттырып келеді - Кәрім Көкірекбаев (ФОТО)

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Еліміздің оңтүстігіндегі өңірлердің бірі - Жамбыл облысы кезінде «үлкен химия өлкесі» деп аталатын. Қуатты химиялық зауыттар қаладағы негізгі кәсіпорындар болып, мыңдаған жамбылдықтарды жұмыспен қамтыды. Қазір де Жамбыл облысындағы фосфорит кені мен қайта өңделген фосфорит әлемдік химия өндірістері үшін, сондай-ақ, шетелдік инвесторлар үшін өте тартымты өнім болып отыр. Фосфориттен басқа, Жамбыл өңірі алтын мен уранға, көмір мен газға, барит пен қорғасынға, ас тұзына бай мекен. Мойынқұмның шөлінде тіпті мұнай мен алмаз кездестіре аласыз. Тянь-Шан тауының етегіндегі қолайлы географиялық мекені мен табиғи оазистер, құнарлы жері мен жайылымы Жамбыл облысын аграрлық саладағы да қуатты аймаққа айналдырып отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жамбыл облысы тұтас Қазақстан секілді тоқсаныншы жылдардың қиындығын бастан кешіріп, кәсіпорындарын жапты, жұмыссыздыққа тап болды, аймақтан көшкендер көбейіп, халықтың денсаулығы нашарлады. 1995 жылы өңірдің жалпы ішкі өнімі 1990 жылдың жалпы ішкі өнімінің 61,4 пайызын құрады. Алайда, бүкіл қазақстандықтар сияқты, егемендікпен бірге, Жамбыл облысының да еңсесі көтеріле бастады. Қазір өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылып, жаңадан жұмыс орындары ашылып жатыр. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында жаңа нысандар бой көтеруде. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автотрассасы бүкіл облыс арқылы бойлап жатыр. Жамбыл өңіріне тиесілі жол учаскесі 2015 жылы аяқталды.

2003 жылы облыс орталығы - Тараз 2000 жылдық мерейтойын атап өтті. 2015 жылы Керей мен Жәнібек хандардың ізі қалған көне қала Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараны өткізді. 90 жылдары халық саны күрт азайған Жамбыл облысында қазір 1 млн 114 мың адам тұрады.

Осы ретте, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен әңгімелесе отырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, әлеуметтік мәселелердің қалай шешім тауып жатқандығы туралы сұрап-білді.

- Ең алдымен айтарым, әлемдегі қиын экономикалық жағдай мен дағдарысқа қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен өзге де бағдарламалардың арқасында, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы оң қарқынмен дамып келеді. Жалпы, экономикалық саясаттың басында адам, адами капитал, адамның жақсы өмірі мен денсаулығы, білімі тұрады. Халықты жұмыспен қамтуға, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударамыз. Дегенмен, әлем экономикасының салқыны бізге де тиіп, жыл басынан бері өндіріс көлемі 10 пайызға азайып кетті. Бірақ, былтыр жалпы аймақтық өнім 1,6 пайызға артып, 1000, 5 млрд теңгені құрады. Жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім 180 мың теңгеге жетті. Бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 7,4 пайызға артық көрсеткіш. Орташа жалақы 7,3 пайызға артып, 81,3 мың теңгені құрады. Аграрлық саладағы өндіріс көлемі 6,6 пайызға артты. Соңғы жылдың кірісін есептегенде, облыс бюджеті 202,2 млрд теңгені құрады. Өңірімізде тұрғын үй, мектеп пен балабақша құрылысы қарқынды жүріп жатыр, елді мекендерге газ тартылып, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі азайып келеді. Бүгінде аймақтағы елді мекендердің 48 пайызы, яғни, облыс халқының 60 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Облыстың төрт қаласы 82,8 пайызға орталықтандырылған су жүйесімен қамтылып, елді мекендердің 65 пайызына су тартылған. Өткен жылдың өзінде құрылыс жұмыстарының көлемі 94 млрд теңгені құрады, құрылысқа тартылған инвестиция 6 пайызға артып, 13,2 млрд теңгені құрады. Өңірді дамыту бағдарламасының арқасында 292 мың шаршы метрден астам баспана салынды. Аймақтың инфрақұрылымын дамытудағы басты аспект - автокөлік жолдары, бүгінде облыс жолдарының 74 пайызы қанағаттанарлық және жақсы деңгейде,-деді облыс әкімі.

- Кәрім Насбекұлы, өзіңіздің туған өңіріңіз - Жамбыл аймағын өнеркәсіптік аймаққа жатқызар ма едіңіз? Әлде облыс ауыл шаруашылығына бейім аймақ па?

- Мен үшін бұл екі сала облысты өте үйлесімді түрде дамытып отыр. Соңғы бірнеше жылдың көрсеткішін алатын болсақ, аймақтық жалпы өнімінің көлемі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларының есебінен көбейіп отырған. Аймақтың жалпы өніміндегі 23 пайыз өнеркәсіп саласына тиесілі болса, 21 пайызы аграрлық саланың үлесі. Химия өнеркәсібі, тау-кен байыту және өңдеуші өнеркәсіп - біздің өнеркәсіптің дәстүрлі салалары. Өңірдегі ірі кәсіпорын - «Қазфосфат», «Жамбыл химия» кәсіпорнына қарасты мекеме. Соңғы жылдары фосфорға деген сұраныс азайып кетті, сондықтан да біз өндірісті қысқарттық. Бірақ, бұл дағдарыс мәңгілік емес шығар, сондықтан, жағдай жақсарады деп үміттенеміз. Аграрлы өңір болғандықтан, Жамбыл облысы су тапшылығын қатты сезінеді. Суаруға қажет судың 80 пайызын Қырғызстанның су тамырлары арқылы аламыз. Сондай-ақ, көршілес елдерден электр қуатын да тұтынамыз. Дегенмен, жаңа технологиялардың арқасында бұл мәселені шешіп жатырмыз.

- Жаңартылған энергия көздерін енгізу саласында Жамбыл облысы көш бастап тұрғаны белгілі. Осы бағыттан таймау үшін қандай шараларды қолға алып отырсыздар?

- Тәуелсіздік жылдары ішінде облысымыз жаңартылатын энергия көздері саласында 8 нысанды пайдалануға берді. Олардың жалпы қуаты 78 МВт. Өткен жылы шетелдік капитал тарта отырып, Жуалы ауданында қуаты 50 МВт-ты құрайтын «Бурное Солар-1» атты Орта Азиядағы ірі күн электр станциясын салдық. Енді жалпы қуаты 830 МВт-ты құрайтын тағы 15 жобаны іске қоспақпыз. Бұл біздің облыс тарапынан Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында «жасыл эокномиканы» дамытуға қосқан үлесіміз болады.

- Мемлекет басшысының міндеттері, яғни, жыл сайын Жалпы ішкі өнімнің, инвестиция мен экспорттағы шикізат емес өнімнің көлемін арттыру бойынша Жамбыл облысы қандай жұмыс атқарып жатыр? Жамбыл облысы 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығына қандай қуатты инвестициялық жобаларын қоса алады?

- Жамбыл облысының қуатты саласы - химия өнеркәсібі болып қала береді. Ең ірі кәсіпорын - «Қазфосфат» ЖШС республикадағы өнеркәсіптік өнімнің 27 пайызын, химия өнімдерінің 40 пайызын өндіреді. «Нұрлы жол» бағларламасының аясында кәсіпорын құны 7 млрд теңгені құрайтын фосфор қышқылын өндіретін ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының төрт жылында өңірде іске қосылған кәсіпорындар 143,1 млрд теңгенің өнімін шығарып, өндірістің жалпы көлеміндегі үлесін 15,8 пайызға жеткізді. 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрды.

Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығында жалпы көлемі 551 млрд теңге болатын 27 жобаны жоспарлап қойдық. Шамамен 5,5 мың жұмыс орны құрылады. Дәл биыл жалпы көлемі 30 млрд теңгені құрайтын алты жобаны жүзеге асырамыз. Қазірдің өзінде 435 жұмыс орны ашылды. Жамбыл облысы алыс-жақын шет елдерден инвестиция тартады, инвестор тарту жөнінде аймақтық кеңес құрды. Шетелдік инвесторлармен арада 17 жоба бойынша келісімге қол қойдық. Энергетика, химия, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы салаларында жүзеге асатын осы 17 жобаның жалпы құны 3,2 млрд долларды құрайды. 2015 жылы негізгі капиталға 82,6 млрд теңге сыртқы инвестиция тартылған. Бүгінде облысымызда Қытай, Ресей, Нидерланды, Франция, Чехия, Италия, Иран, Германия, Түркия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия елдерінің қатысуымен инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Осы жылы сондай-ақ, құны 17 млн ш.б. құрайтын екі нысанды пайдалануға бермекпіз. Атап айтсақ, құны 13,8 млн ш.б. құрайтын ет өңдеуші кешен - «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-ның «ADEASDevelopment» (БАӘ) жобасы мен «COOKEY» SystemsCo. Ltd» (Жапония) жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың қатысуымен Қордай ауданында құны 2,3 млрд ш.б. құрайтын тау-кен-байыту комбинатының құрылысы жөнінде төртжақты меморандумға қол қойдық. Қытай инвесторларымен бірге жалпы құны 4,2 млрд ш.б. құрайтын 14 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Біздің облыс пен Беларусьтың Гроднен облысы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша Шу локомотив жөндеу зауытының базасында беларусьтік «Лидагропроммаш» компаниясының комбайндары шығарылады.

- Минералды тыңайтқыштар шығаратын «ЕвроХимТыңайқыш» ЖШС жобасының қай сатысы жүзеге асырылып жатыр? Бұл жоба шетелдік инвестор қатысқан аймақтағы ең ірі жоба ғой?

- Бұл перспективалы жобаны Қаратау-Жаңатас фосфор бассейнін игере отырып, ірі халықаралық «Еврохим» компаниясы 2010 жылдың басынан бері Сарысу ауданында тау-кен байыту кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. 2015 жылы компания кен ошағының құрылысын аяқтап, бірінші сатылы кен өңдеу өндірісін құрды. Осылайша, фосфорит ұнтағын шығара бастады. 2015 жылы 319,8 мың тонна фосфор өнімі өндірілсе, биыл оның көлемін 640 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Жоба шамамен 2,4 млрд ш.б. бағаланып отыр. Жобаның соңғы сатыларын аяқтау қалды, яғни, Жаңатас қаласындағы минералды шикізат шығаратын кешеннің құрылысы мен жылына 1 млн тонна минералды тыңайтқыш шығаратын кешеннің құрылысы қалды. 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Бір жағынан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жобаны жүзеге асыру үшін компания жергілікті атқарушы органдармен, Қазақстанның Үкіметімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Жаңатас және Қаратау қалаларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға 18 млн ш.б. қаржы аударылған. 2015 жылы «ЕвроХим» ЖШС компанияны Алматыдан Жаңатас қаласына қайта тіркеді, осылайща, ауданның бюджетіне салық төлеп отыр.

- Ал, «Тараздың химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құрудан не күтуге болады?

- Президенттің Жарлығы бойынша Шу ауданында құрылып жатқан бұл жобаны жүзеге асыру арқылы тек біздің өңірді емес, Қазақстанның оңтүстігін дамытуға жаңа серпін береміз. «Тараздың химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен құрылуда.

Жобаға салынған инвестиция 128 млрд теңгені құрайды, бүгінде инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Арнайы экономикалық аймақта жылына 2 млн тонна өнім шығаруға қуатты 16 жоғары технологиялы химиялық зауыт ашылады. Бұл зауыттар 25 түрлі өнім шығарады. Осы өндіріс ошақтарының айналасында индустриялық аймақтар пайда болып, онда қызмет көрсету саласында 100 шағын және орта бизнес субъектісі құрылады. Осылайша, тағы екі мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде арнайы экономикалық аймақта өндіріс ашсам деген 5 тарап тіркелді, олар жеті өндірісті іске қоспақ, инвестицияның жалпы көлемі 256,7 млрд теңгені құрап отыр.

- Жамбыл облысы кез келген ауыл шаруашылығы өнімін шығара алады. Бұл бәрімізге аян мәлімет. Десек те, қиындықтар да жоқ емес. Мысалы, картопты біз Қырғызстаннан әкелеміз. Облыс тұрғындары қашан қытайдың жеміс-жидегін емес, өзіміздің жылыжайларда өскен көкөністерді сатып ала алады?

- Иә, Жамбыл облысы негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткілікті мөлшерде өсіре алады, өсіріп те жүр. Дегенмен, біздің облысқа көршілес аймақтардың зор сұранысына байланысты, күз мезгілінде көкөніс пен жеміс-жидек басқа облыстарға көптеп тасымалдана бастайды. Осылайша, маусымаралық кезеңде өз тауарымыз өзімізге жетпей қалады. Сондықтан да, облыс Қырғызстан мен Өзбекстаннан өнім тасыйды.

Біздің өндірісіміз облыстың сұранысын, атап айтсақ, картоп өніміне деген сұранысты 2,4 есе, сәбіздің сұранысын 5 есе, сарымсақ сұранысын 12 есе, қырыққабаттың сұранысын 1,3 есе, қызылша сұранысын 4,8 есе артық қанағаттандыра алады. Ет өнімі облыс бойынша жеткілікті мөлшерде өңделеді, тіпті облыс пен өзге аймақтарды етпен қамти алады. Жамбыл облысы бүгінде ет импортына мұқтаж емес, аймақ сиыр етімен 150 пайызға, қой етімен 170 пайызға қамтылған.

- Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда Қазақстанды дамытудың басты құралы болады деп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Жамбыл облысында шағын бизнес қалай дамуда?

- Президент өз Жолдауында атап өткендей, дамыған елдердің экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі ұлттық өнімдердің көлемінің жартысын құрайды екен. Соңғы төрт жылда осы саладағы өнімнің көлемі 1,6 есеге көбейгенінің өзі үлкен жетістік десем болады. Бүгінде облысымыз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасаған. Өңірде жұмыс істеп тұрған 67 378 бизнестің 99,4 пайызы шағын кәсіпкерлікке тиесілі. Осы шағын кәсіпкерлердің 60 пайызы ауыл шаруашылығы мен сауда саласында жұмыс істейді. Жыл сайын аймақта тіркеліп, жұмысын бастайтын шағын бизнес иелері де көбейіп келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері кәсіпкерлердің 55 млрд теңгені құрайтын 574 жобасы қолдау тапты. Осылайша, 10 мың жұмыс орны сақталып, оның үстіне, 2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Қазір Жамбыл облысының басты мақсаты - жұмыс орындарын сақтап қалу және инфляцияның артуына жол бермеу. Бюджетте мемлекеттік органдардың шығынын 9 млрд теңгеге қысқарттық. Үнемделген бұл қаражат әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға жұмсалады. Қазір жаңа мүмкіндіктер туып отыр, сол мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек. Қаласақ та, қаламасақ та, доллардың жаңа курсы қымбат импорттан бас тарттырады, яғни, өз өндірістерімізді құруымыз керек. Президент тапсырмасына орай, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелеріміздің барлығын орындау керек.

- 2015 жылы Жамбыл өңірі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекені атап өтті. Туристер де келіп, кетті. Жалпы, біздің аймаққа келетін туристерді қандай қызық күтіп тұр? Еуропадан келетін туристердің еті үйренген инфрақұрылым жасала ма?

- Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтой - біздің өңір үшін емес, тұтас Қазақстан үшін маңызды дата болды. Десек те, 550 жыл бұрын Керей мен Жәнібек дәл біздің өңірдегі Шу өзенінің бойында қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады емес пе?! Сондықтан, бұл мерейтой біздің өңірдің мәдени өміріндегі маңызды мереке болды. Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған құрметті қонақтарды қарсы алдық. Осы мерейтойдың аясында көне Тараз қаласына да жаңа сән кіріп, жекелеген нысандарды жөндеуден өткіздік. Қаланың архитектуралық келбеті өзгеріп шыға келді. «Көне Тараз» атты жаңа мәдени-тарихи нысан пайда болды. Қаланың батыс кіре берісінде «Қазақ хандығының 550 жылдығы» деген әдемі жазба бой көтерді.

Ал, біздің облысымызға келетін туристер «Айша Бибі», «Қарахан», «Тектұрмас» тарихи кешендерін, облысымыздың тарихи-өлкетану музейін көре алады. Жалпы, облыстағы туризмді дамытудың әлеуеті зор, тіпті, кәсіпкерлікті дамытудың басым бір бағыты десек болады. Облысымыз «Ұлы Жібек жолының тарихи орталығын жандандыру» атты мемлекеттік бағдарламаға қосылған. Ұлы Жібек жолының бойында бірегей тарихи мұралар бар, оның бесеуі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасына қосылған.

«Көне Тараз» атты археологиялық парк пен аспан астындағы музейді ЭКСПО-2017 көрмесінің бағдарламасына енгізу жоспарда бар. Осылайша, облысымызға көбірек турист тартып, аймақтағы туризм мен кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін бергіміз келеді. Туристерді тарту үшін өте жақсы инфрақұрылым керектігі рас. Бүгінгі таңда «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы толық модернизациядан өтті. Магистрлі теміржол желілерін дамыттық, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының облыстағы 495 шақырымдық учаскесі толық аяқталды. 2017 жылға дейін осы жол бойынша халықаралық класта жол бойында қызмет көрсететін 8 жаңа кешен ашылады.

Қазақстанның бірде бір өңірі қасиетті Жамбыл өңірі сияқты тарихи, археологялық ескерткіштерге, бірегей табиғи зоналарға бай емес шығар. Жамбыл аймағында ең көне мешіт пен ең көне медресе табылды. Тарихшы-археологтардың пікірінше, Тараз - Қазақстанның ең көне қаласы. Біз өткен тарихымызды бағалаймыз, болашағымызды жоспарлай отырып, алға басып келеміз. Өңірдің әр жетістігіне әрбір жамбылдықтың қосқан үлесі бар. Біздің мақсатымыз - экономиканы дамыту, ұлтаралық келісімді нығайтып, жамбылдықтардың өмір сүру жасын ұлғайту. Күш біріктірсек, алынбайтын қамал қалмайды»,-деді өз сұхбатында К.Көкірекбаев.





Соңғы жаңалықтар