Тәуелсіздікке 30 жыл: Орта білім саласында қандай өзгерістер болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Болашағына сенім артып, зор үмітпен қарайтын кез келген мемлекет жеткіншек ұрпағының сапалы білім алып, тәлім-тәрбиесі мол азамат болып өсуіне айрықша назар аударады. Бұл үдерістен қалыс қалмаған Қазақстан да тәуелсіздік жылдары ішінде білім беру саласында бірқатар реформаны жүзеге асырғаны белгілі. Осыған орай аталған реформалардың арқасында отандық мектепке дейінгі, орта білім жүйесінде қандай өзгерістер орын алғанына, балалар құқығын қорғау саласында қандай жетістіктер болғанына шолу жасап көрсек.

Қазақстан Тәуелсіздік алған сәтінен бері беделді рейтингтерге белсенді түрде қатысып келеді. Бұл еліміздің ашық әлеуметтік-экономикалық саясат ұстанатынының белгісі десек те болады. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, еліміздің Адами даму индексі бойынша соңғы 10 жылдың ішінде 16 пайызға жоғарылап, адами капиталы өте жоғары елдердің тобына кіріп отыр. Қазақстан 2009 жылдан бері IMD рейтингіне қатысып келеді. «Білім беру» субфакторы бойынша позициямыз 2009 жылғы 43-орыннан 2019 жылы 26-орынға дейін жақсарды. 2019 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі рейтингінде позициямыз 59-орыннан 55-орынға ілгеріледі.

Мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында орын алған эконмиканың жаппай күйреуі салдарынан 2000 жылдарға қарай еліміздегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 8 есеге, нақтырақ айтқанда, 1991 жылғы 8 881-ден 2000 жылы 1 089-ға дейін қысқарды. Дегенмен, экономикамыз тұрақтана бастаған сәтте Мемлекет басшысының тапсырмасымен балабақшаларды салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұрынырақ жекенің қолына өтіп кеткен немесе жалға берілген балабақшалар мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған қоса, жаңадан ашылған жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтардың саны артты. Осындай жұмыстардың, қабылданған іс-шаралардың арқасында балаларды мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен және біліммен қамту көрсеткіші 9,6 есеге ұлғайып, 1999 жылғы 10,2 пайыздан 2020 жылы 98,7 пайызға жетті. Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беруді дамытуда мемлекеттік-жекешелік серіктестікке басымдық беріле бастады. Соңғы 20 жылдың ішінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жекеменшік балабақшалардың саны 28 есе, 162-ден 4 608-ге дейін ұлғайды. Пайдалануға берілген мұндай балабақшалардың басым бөлігі соңғы жылдарға тиесілі. Білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту ісіне де айрықша мән беріліп келеді. 2019 жылы мектепке дейінгі ұйымдардың 28,1 пайызында (1 852) инклюзивті білім беру үшін жан-жақты жағдай жасалды. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 19 пайызға жоғары.

Заңнамалық тұрғыда мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізіліп, балабақшаларды лицензиялау рәсімі жеңілдетілді. «Балбөлек», «Қайнар», «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сынды отандық бағдарламалар жүзеге асырылды. 2016 жылдан мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім берудің үлгілі бағдарламасы қолданыла бастады. Онда мектеп жасына толмаған сәбилердің бойында болуы тиіс базалық дағдылар айқындалған. 2017 жылы аталған бағдарламаның мазмұны жаңартылып, балалардың икемділігі мен дағдысының дамуын бағалау индиакторларының жүйесі енгізілді. 2018 жылы мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім берудің мемлекеттік стандарты бекітілді.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап Елбасы тапсырмасына сәйкес, балаларды ерте жастан дамыту бағдарламсы қолға алынды. Бұл 3 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік әрі өз бетімен оқу дағдыларын дамытуға, педагогтар мен ата-аналардың құзіреттілік деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білімді дамытудың толыққанды моделі әзірленіп, балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту көрсеткіші артты. Қалалар мен аудан орталықтарындағы мектепке дейінгі ұйымдардың орындарын бөлу ашықтығы мен ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін балабақшаларға жолдама беру автоматтандырылды. Бұл процедура білім беру органдарының қатысуынсыз жүргізіледі және ата-ана балабақшаларды өздігінен таңдауға мүмкіндігі бар. Бүгінде еліміздегі балабақшалар 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.

Орта білім

Бүгінде елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектеп бар. Оларда 3,4 млн бала білім алады. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарының ішінде мектептер желісі 1 401 бірлікке қысқарды. Бұл жайт аз жинақталған мектептердің жабылуы есебінен орын алып отыр. 30 жылдың ішінде республикада 1 800-ден астам мектеп салынды. Нәтижесінде 4 ауысымда жұмыс істейтін мектептер жойылып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны әжептәуір қысқарды. Оқушы орны тапшылығы төмендеп, апатты мектептер саны азайды. Мектептерді Интернет желісіне қосуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде еліміздегі білім ордаларының 96,8 пайыздан астамы жылдамдығы секундына 4 мбит болатын кеңжолақты Интернетпен қамтамасыз етілген.

Тәуелсіздік алғаннан кейін білім мазмұнының нұсқалылығы жаңа үлгідегі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етіле бастады. Орта білім ұйымдарының желісі жеке мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептермен толықты. Барлық сыныптар білім берудің жаңартылған мазмұнына көшірілді. Білім мазмұны жаңартылған 20 Назарбаев зияткерлік мектебі құрылды. Қазіргі уақытта дәл осы мектептердің тәжірибесі еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізіліп жатыр. Қазақстан тәуелсіздігінің тағы бір жетістігі - Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінің қүрылуы. Бұл ретте білім сапасын бағалаудың ішкі және халықаралық құралдар қолданылады. Қазақстандық оқушылар алған білімдеріндегі жетістіктерін тәуелсіз халықаралық бағалауға мүмкіндік беретін PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге де қатысады.

2017 жылдан информатика, физика, химия және биология сынды жаратылыстану-математика циклындағы (ЖМЦ) пәндер оқушылардың қалауы және педагогтардың дайындығына байланысты ағылшын тілінде оқытыла бастады. Бүгінде еліміздегі 525 мектепте ЖМЦ пәндері толықтай ағылшын тілінде жүргізілсе, тағы 3 814 мектепте мұндай білім беру элементтері енгізілген. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқитын оқушылар саны да жыл сайын артып келе жатыр. 2018 жылдан бастап алғаш рет мектеп түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берілген. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге Аймақтану хрестоматиясы, сондай-ақ 5-7 сыныптарда «Қазақстан тарихы», «География», «Қазақ әдебиеті», «Музыка» пәндері бойынша қосымша құралы енгізілді. 2002 жылдан бері арнаулы білім берудің отандық жүйесінде алғаш рет білім берудің жаңа түрлері, атап айтқанда оңалту орталықтары мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Бүгінде мұндай 15 орталық пен 198 кабинет жұмыс істейді.

Тәуелсіздіктің 30 жылының ішінде 2 млн-нан астам мұғалім курстық дайындықтарда, конференцияларда, семинарлар мен вебинарларда біліктіліктерін арттырды. Орта білім ұйымдарында жұмыс істейтін педагог-магистрлардың саны артты. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде 9 751 педагог-магистр жұмыс істейді. Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам жас маман республика мектептерінде жұмысқа орналасады. Мәселен, өткен жылы еліміздің білім беру ұйымдарына 10 900 жас маман орналасса, оның 5 411-і ауыл мектептерінде жұмыс істейді.

Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады. Бүгінде 158 405 мұғалім немесе жалпы ұстаздардың 50,4 пайызы ұлттық біліктілік тестінен сәтті өтті.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Педагог мамандығының мәртебесін арттыру үшін жүктеме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжаттарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды. Өткен жылы педагогтердің жалақысы қосымша ақы мен үстемақылардың артуы есебінен 45 пайызға, ал осы жылдың қаңтарынан 25 пайызға артты. Дене тәрбиесі пәнінен беретін педагогтерге үйірмелер мен спорттық секцияларды жүргізгені үшін қосымша ақы төлене бастады. Еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Ұлттық біліктілік тестілеу қорытындысы бойынша мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын көтеру де көзделген. Олар лауазымдық жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы алатын болады. Сонымен қатар елімізде педагогтерді қызметіне кірмейтін жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған.

Балалар құқығын қорғау

Баалардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау – бұл ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Тәуелсіздік жылдарының ішінде республикада балалардың өмір сапасын жақсарту жөніндегі халықаралық стандарттарға қол жеткізуге бағытталған нақты жұмыс жүргізілді. Қазақстан 1994 жылдан бері балалар құқығына қатысты 15 халықаралық құжатты ратификациялады. 2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті құрылды. 2007 жылдан ҚР Үкіметі жанында Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Мұнан бөлек, Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кеңесі, Үкіметтік емес ұйымдар кеңесі, «Өзін өзі тану» адамгершілік-рухани білім бағдарламасы жөніндегі республикалық кеңес бар.

1991 жылдан бері елімізде психологиялық-педагогикалық қызмет жұмыс істейді. Әрбір білім беретін ұйымда психолог және әлеуметтік педагог лауазымы енгізілген. 2016 жылдан Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Уәкілдің негізгі мақсаттары - балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылда балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтiру.

Елімізде балалық шақты құқықтық қорғаудың ұлттық заңнамалық базасы жасақталған. Балалар құқығын қорғау саласында 14 заң, ҚР Үкіметінің 200-ден астам қаулысы, 700-ден астам бұйрық қабылданған.

Қазақстанда балалар үйлерінің саны да жылдан жылға азайып келе жатыр. Соңғы 5 жылдың ішінде мұндай үйлердің саны 43-ке кеміді. Бүгінде жалпы контингенті 23 416 бала болатын 97 балалар үйі бар.


Соңғы жаңалықтар