Тәуелсіздікке - 30 жыл: Алматыда қандай шаралар өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жүзеге асқан және жоспарланған іс-шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, 2021 жылы «Қайырымды істер марафоны» аясында республикалық және қалалық деңгейде 935 іс-шара өткізу жоспарланған.

Алматыдағы барлық іс-шара символикалық түрде өтеді және атаулы күн мен мерекелерге арналады.

«Мысалы, маусым айында Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне, медицина қызметкерлері күніне және полиция күніне арналған 70-тен астам түрлі форматтағы іс-шаралар өтті. Тұрғын үй терезелеріне жалаулар қойылып, әнұран бір мезгілде орындалды. Адам көп жиналатын аумақта мемлекеттік ту таратылып, жалаулары бар автокөліктер мен мотожарыстар өтті», – деді Ренат Бекбергенов.

Шілде айында мегаполисте ҚР астанасы күніне арналған шара онлайн және оффлайн форматта ашық аспан астында өтті.

«Қалада маңызды оқиғалар болды. 25 өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілді. Соның ішінде Қазақстан-Швейцария туризм және қонақ үй бизнесі институты, «Ads Industries» фармзауыты, «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы, жаңа балабақша мен мектептер ашылды», – деді Қоғамдық даму басқармасының өкілі.

Екінші жартыжылдықта қала әкімдігі «Қайырымды істер марафоны» аясында 800-ден астам іс-шара өткізу жоспарда.

«Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында педагог қызметкерлердің тамыз конференциясын, Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Алматыда «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында бірыңғай қалалық сынып сағаты мен ашық сабақтар өтеді. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш пен 13 жаңа білім беру нысанын ашу жоспарда», – деді спикер.

Жыл соңында Алматы тұрғындарын көптеген қызықты оқиғалар күтуде. Мысалы, қараша айында индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандарды іске қосу, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» республикалық форумы және «Creative jastar» инновациялық жобалар байқауы өтеді.

Желтоқсан айында қалада тұңғыш Президент күніне арналған «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыптық көрме, ғылыми-практикалық конференциялар жоспарланған.

Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған атаулы күнге ерекше назар аударылды.

Атаулы күн қарсаңында қайырымдылық шарасын өткізу көзделген. Онда мұқтаж жандарға қажетті қолдау көрсетіледі.

«Қайырымды істер марафоны» – бұл мереке ғана емес, ең алдымен қайырымдылық миссиясы. Жобаның арқасында мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығы түрінде материалдық қолдау көрсетіледі, тұрғын үйді жөндеуге мүмкіндік береді. Барлығы 22 мыңға жуық алматылық қолдау алды»,- деді Ренат Бекбергенов.

Алматы қаласы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдігі төрағасының орынбасары Долкунтай Абдухалилдің айтуынша, «Қайырымды істер марафонына» мегаполис кәсіпкерлері белсенділік танытып жатыр.

«Мысалы, «Metal Prom Group» компания тобы өткен жылы қайырымдылыққа 105 млн теңге жұмсады. Жалпы, соңғы үш жылда мұқтаж жандарға 450 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Айта кету керек, бұл компания үшін көмек тек жоғары гуманистік әрекет емес. Өйткені кәсіпорынның міндеті – адалдық, еңбексүйгіштік, сапа, мемлекетке және адамдарға пайда әкелу. Кәсіпорын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге көмектесуге дайын», – деді Долкунтай Абдухалил.

Оның айтуынша, барлық кәсіпкерлер үшін қайырымдылық шарасы - кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі.


Соңғы жаңалықтар