Тәуелсіздікке 30 жыл: Ақмола облысында жас пікірсайысшылар сайысы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған оқушылар арасында жас пікірсайысшылар турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өңірдің білім беру саласында оқушылардың зияткерлік қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта облыста жыл сайын түрлі конкурстар, викториналар, дебаттық турнирлер өткізіліп тұрады. Осы ретте, Көкшетауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған оқушылар арасындағы дебат турнирі аяқталды.

Білім басқармасының дерегінше, шараға 12 ауданнан, 2 қаладан және облыстық дарынды балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттан 40 командадан 80 оқушы қатысты. Пікірсайыс турнирі американдық парламенттік формат бойынша қазақ, орыс лигаларында өтті және іріктеу кезеңінен, жартылай финалдан және финалдан тұрды.

Жүлдегерлерді «Bolashaq saraiy» директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Айнагүл Балташева құттықтап, марапаттады.

«Сіздер мектепте төменгі сынып оқушыларын, құрдастарыңызды тарту арқылы осы қозғалысты жалғастыра бересіздер деп үміттенемін. Өйткені, пікірталас тек өз көзқарасын қорғау ғана емес, сонымен қатар аудитория алдында сөйлеу, сауатты сөйлеу, командада жұмыс істеуге үйрету. Пікірсайыс қозғалысында белсенді түрде айналысып, өз ой-өрісіңізді әртүрлі бағытта көтергендеріңізге алғыс білдіремін», - деді Айнагүл Балташева.

Турнир қорытындысы бойынша қазақ лигасында Ақкөл ауданының «Ақиқат ұшқыны» командасы жеңімпаз атанды.

Орыс лигасында «Bolashaq saraiy» атынан «Астрея» командасы жеңіске жетті.

Ал Целиноград ауданының «Кемеңгер» командасынан Мирас Рақымов пен Көкшетау қаласының «Аконит» командасының мүшесі Александра Заруцкая үздік спикер атанды.

«Бүгінгі турнир өте қызықты өтті. Ойын деңгейі де, қатысушылардың дайындық деңгейі де жоғары. Маған өте ұнады. Турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын», - деді «Саналы қыздар» командасының қатысушысы Алуа Дулатова.

Жеңімпаздарға диплом мен сыйлық, ал жетекшілеріне алғыс хат табысталды. Қалған қатысушылар Ақмола облысы білім басқармасының сертификатына ие болды.

Айта кетейік, облыс мектептерінде 5000-нан астам оқушыны қамтитын 348 дебат клубы жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар