Тәуелсіздікке 30 жыл: Ақмола облысында 6 млн шаршы метрге тұрғын үй салынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Тәуелсіздік жылдары 6,9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Нәтижесінде 62,4 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

«Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында 18 мыңға жуық ақмолалық пәтер мәселесін шешті. Биылғы жылы бағдарлама бойынша өңірде 655 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осының арқасында 5 мыңнан астам ақмолалық баспана мәселесін шешпекші.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, он айдың қорытындысы бойынша 483 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 3,2 мың ақмолалық отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.

«Қараша-желтоқсан айларында екі мыңға жуық ақмолалық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 70 көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 37 жалға берілетін, 33 кредиттік тұрғын үй», - деп атап өтті облыстық ведомстводан.

Өңірде мұқтаж азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Облыстың әлеуметтік осал санаттағы отбасылары үшін 411 жалға берілетін пәтер жоспарланған, оның ішінде 131 пәтер – көп балалы отбасыларға арналған.

Кредиттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша биылғы жылдың Көкшетау, Степногор, Ерейментау және Макинск қалаларында ауданы 30,3 мың шаршы метр 459 пәтерлік 8 кредиттік үйді пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Ақмола облысында «7-20-25. Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл ретте, аймақ республика бойынша алдыңғы бестікте. Бағдарламаны жүзеге асыру басталғаннан бері 2 235 өтінім қабылданды, қазірдің өзінде 1 625 отбасы өз баспаналы болды.

Айта кетейік, жыл сайын облыста тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша оң динамика байқалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – бұл шамамен 5000 пәтер.


Соңғы жаңалықтар