Тәуелсіздік жолында қуғындалғандарды есте қалдыру бойынша арнайы жоба әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның тәуелсіздігі жолында қуғында болған азаматтардың еңбегі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы жоба әзірленеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президентінің Жарлығымен, Мемлекеттік хатшының төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, кірді», - делінген Үкімет басшысының орынбасарының жауабында.

Оның атап өтуінше, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерделеу, мемлекеттік комиссияға қорытындылар дайындау жөніндегі 11 бағыт бойынша жұмыс топтарының құрамдары бекітілді.

«Сіздердің 700-ден астам тұлғаны құрайтын Алаш қайраткерлерінің тізімі Мемлекеттік комиссия қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық офиске, сонымен бірге тиісті жұмыс тобына жолданып, қарау нәтижелері ғалымдардың мұрағаттарда жүргізген жұмыс қорытындыларына сәйкес ұсынылатын болады (тарихи анықтама негізінде). Жалпы, барлық зерттеу және іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қуғын-сүргін құрбандары болған азаматтардың еңбегі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы жобаны әзірлеу жоспарлануда», - деді Ералы Тоғжанов сауалға берген жауабында.


Соңғы жаңалықтар