Тәуелсіздік ұрпақтары: Жастарға 3 миллион теңгеден грант беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 19 шілдеден 20 қыркүйекке дейін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінімдер қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Орталық коммуникациялар қызметінде айтып берді.

«Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі тәуелсіздік ұрпақтары – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. 30 жылдық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы да - жастарды қолдау және адами капиталды дамыту болып саналады. Бүгінде еліміздегі Тәуелсіздік ұрпақтары 3,8 млн немесе ел халқының 20%-ын құрайды», - деді Ш. Байманов.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін атап өткен.

Осыған орай, Министрлік 2021 жылдың 8 шілдесінде Үкімет қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау бойынша ережелері мен тұжырымдамасын бекітті.

«Биыл алғаш рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, үздік 30 жобаға 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант беріледі. Еліміздің 14-29 жас аралығындағы барлық азаматтарына арналған гранттың негізгі мақсаты – белсенді шығармашыл жастардың жобаларын, бастамаларын іске асыру, қолда бар жобаларды дамыту, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу және жастарды оқыту үшін пайдалануға беру болады», - дейді Ш. Байманов.

Айта кетейік, гранттар ҚР азаматтарына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін келесі бағыттар бойынша конкурстық негізде беріледі:

«Ғылым» - ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;

«Мәдениет» - Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

«Ақпараттық технологиялар» - жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

«Бизнес» - экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

«Медиа» - жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қабылданады және онда төмендегі мәлімет болуы қажет:

жобаның сипаттамасы;

жобаның бейнепрезентациясы (60 секундтан көп емес);

шығындар сметасының жобасы;

зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса).



Соңғы жаңалықтар