Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Ядролық қарудан бас тарту - дамудың бейбіт бағыты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманағы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады.

Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген.

Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.

«ҚазАқпарат» ХАА оқырман назарына осы кітаптан үзінділер ұсынады.

Ядролық қарудан бас тарту: дамудың бейбіт бағыты

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі

Қазақстанның «егемендік шеруі» кезеңіндегі алғашқы шешімдерінің бірі - Семей ядролық полигонын жабу және атом қаруынан өз еркімен бас тарту болды.

Полигон Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында жабылып, бұл бүкіл әлемге біздің еліміздің іс жүзінде Тәуелсіздік дәуіріне енгенін білдіретін белгі болды.

Бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын Кремльдің еркіне қарсы, өте күрделі геосаяси жағдайларда жапқанын атап өтудің маңызы зор.

Ол кезде көбісі бұрынғыша ойлап өмір сүрді және өлім сепкен полигон мен оның инфрақұрылымын өз пайдасына жаратуды көздейтін.

Сонымен бірге, елдің өз ішінде қоғамның ең радикалданған бөлігі әлі де «империялық ниетте» екенін жасырмайтын.

Кейбір тереңнен ойламайтын «сарапшылар», тіпті саяси санаттағы өкілдер «басқалар бізден қорқуы үшін» ядролық қаруды қалдыруға үндеді.

Бірақ қалған әлемнің барлығында Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы зор ықыласпен қабылданды. Президенттің атына алғыс айтылған хаттар мен жеделхаттар ағылып келіп жатты.

Сол кездің өзінде көпшілік Қазақстанның 1200 ядролық оқтұмсықтан тұратын әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартатынын түсінді. Тарихта мұндай қадамды әлі ешкім жасаған жоқ-ты!

Мен Нұрсұлтан Назарбаевты 1992 жылы Нью-Йоркте БҰҰ-ның 47-ші Бас Ассамблеясында қандай зор қошеметпен, ду қол шапалақтап қарсы алғанын өз көзіммен көрдім. Біздің дауысымыз бір сәтте-ақ өте үлкен салмаққа ие болды.

Осыдан кейін әлемдегі ең ірі ядролық полигондар: Ресейдегі Жаңа Жер, Қытайдағы Лобнор, Француз Полинезиясындағы Муруроа және АҚШ-тағы Невада тыныштық режиміне көшті.

Тәуелсіз саясат жүргізуге мүмкіндік ала салысымен Қазақстан жаппай қарусыздану жөніндегі жаһандық келіссөздерге бейбіт бағыт берді.

Кейінірек БҰҰ тарихи күн - 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.


Соңғы жаңалықтар