Тәуелсіздік тұғыры - тіл: Медицина қызметкерлері қазақ тілінде диктант жазды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медициналық және фармацевтика саласының екі жүзге жуық қызметкері онлайн режимде қазақ тілінде диктант жазуға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және 16 желтоқсан – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы ұйымдастырған шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы бас кеңсе және Алматы, Тараз, Қарағанды қалаларындағы бөлімшелерден 200-ге жуық қызметкер онлайн режимде қатысты.

«Қазіргі уақытта көптеген ұйымдардың жұмыс-барысы, іс-шаралары ресми тілде көбірек өтетіні дағдыға айналғанын ескерсек, бұл шара Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығындағы әрбір қызметкердің ұлт перзенті ретіндегі парызын еске салған, ана тілін - қазақ тілін білуге, жете меңгеруге құлшынысын арттырған елеулі оқиға болғаны анық. Осыған орай, ұйымдастырылған диктант «Тәуелсіздік - басты құндылығымыз» деп аталды. Онда 1991 жылы егемендігін жариялаған, тәуелсіздігін төрткүл дүние мойындаған көп этносты мемлекетімізде ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудың айрықша үлгісі болып отырған республикамыздың осы отыз жыл жүзінде жеткен жетістіктері мәтінде қысқаша баяндалды», - делінген баспасөз баянында.

Диктант сабағын ұйымдастыру, өткізу, тексеру міндеті ұжымдық идеология ошағы – Аударма және тілдерді дамыту басқармасының сарапшы-аудармашы мамандарына жүктелген. Сонымен қатар, мерекелер аясындағы диктант жазуға белсенділікпен қатысқан қызметкерлерге басшылық атынан алғыс айтылды. Диктант нәтижесі шығарылып, сауаттылық сынынан сүрінбей өткен үздік көрсеткіш иелері анықталады. Бұл әр тәулік, әр сағаты халық денсаулығы үшін жауапты шептегі тынымсыз еңбекке толы ұжымда ҚР Конституциясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп атап көрсетілген туған тіліміздің мәртебесіне лайықты жемісті күн болды.


Соңғы жаңалықтар