Тәуелсіздік шежіресі: 2012 жыл - Мәңгілік Ел идеясы ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 21-ші жылы Қазақстанның саяси өмірінде жаңғыру жаңалықтарымен басталды. 2011 жылдың күзінде Парламент депутаттары Мемлекет басшысының атына Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жариялаған болатын. Депутаттар Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерді көрсете отырып, Мәжілісте кем дегенде, екі саяси партия болуы тиістігін алға тартты. Бұл ғана емес, Үндеу аясында 2008-2009 жылдардағы орын алған күрделі әлемдік дағдарысқа да назар аударылды. Елбасы осы мәселелерді екшей келе «Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленген еді.

null
Осылайша, 2012 жыл саяси науқанның қызу барысымен басталып, нәтижесінде Қазақстанда көп партиялы Парламент жасақталды. Сайлау барысында халық дауысының 80,74 пайызын жинаған «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі орынның басым бөлігін алып, одан басқа тағы екі партия «Ақ жол» мен Қазақстанның халықтық коммунистер партиясы да өз өкілдері үшін орынға иеленді. Жеңімпаздар форумында «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев:«Құрметті отандастар! Бұл біздің ортақ жеңісіміз, барша Қазақстан халқының жеңісі. Дауыс берудің қорытындылары қазақстандықтардың елімізді дамытуға, экономика мен саясатты жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға арналған біздің бағытымызды қолдайтынын білдіреді. Халық қоғамдағы бірлік, өзара түсіністік пен толеранттылық үшін, партияның нақты ісі мен бағдарламасы үшін дауыс берді», - деп мемлекеттің ұстанып отырған саясаты көптің көңілінен шыққанына жоғары баға беріп, сайлауда қолдау көрсеткен барша халыққа алғысын білдірді.

Айта кетерлігі, 2012 жылдың 1 қаңтарынан Біртұтас экономикалық кеңістік іске кіріскен болатын. Бұл бастаманы Елбасы Н.Назарбаев 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғалымдар мен саясаткерлердің назарына ұсынған болатын. Осылайша еуразиялық интеграция идеясы іс жүзінде көрініс тапты. Айта кетерлігі еуразиялық интеграцияның бастауы 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей мен Қазақстан арасында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарт аясында өрбіген еді. Экономикалық қоғамдастық өз кезегінде Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграцияның нақты тетіктерінің және ең бастысы ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргетасын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, кедендік тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Осы Кеден одағының жалғасы Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласты. Сөйтіп, Қазақстан кәсіпкерлері мен қарапайым халыққа көптен күттірген мүмкіндіктердің есігі ашылды. Отандық өндірісшілер үшін тұтынушылар аумағы ұлғайып, сауда нарығының жаңа деңгейіне шығу үшін жағдай жасалды. Кейіннен Еуразиялық экономикалық одақ дүниеге келді.

null 

2012 жылы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәртебесі де арта түсті. Осы жылы еліміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына төрағалық жасады. ҰҚШҰ мемлекетіміздегі бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен тыныштықты нығайту, аймақтық бүтіндік пен оған қатысушы мемлекеттерінің егемендігін қорғау үшін 2002 жылы құрылған еді. Ұйымның құрамындағы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде қазір аса маңызды шаралар атқаруда.

Сонымен қатар, дәл осы жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) да жемісті төрағалық етті. 2012 жылдың көрсеткіштері бойынша Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынтымақтастық орнатты. Еліміздегі 10 мыңға жуық кәсіпорынның 2,6 мыңы - Ұйымға мүше 28 мемлекет пен Қазақстан арасында құрылған бірлескен кәсіпорындар. Мемлекетіміз ислам елдерінің, соның ішінде Араб елдерінің инвестициясын тартуды үнемі назарда ұстауда. 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасындағы Ислам елдері инвестициясының үлесі 10 пайызға жетеді деп күтілуде.
null 

Қазақстанның бас қаласы Астанада 2012 жылғы 22-24 мамыр аралығында өткен V Астана экономикалық форумы «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатер және даму перспективалары» деген тақырыпты таңдаған болатын. Форумға әлемнің 85 мемлекетінен 6500 өкіл және 300-ден астам журналист қатысты. Президент Н. Назарбаев Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Айта кетерлігі, қазіргі күні осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктіреді, онда пікірталастар мен жарыссөздер пішімінде әлемдік қаржы дағдарысынан шығу стратегиялары айқындалып, инновациялық даму, ядролық және экологиялық қауіпсіздік, этносаралық және дінаралық толеранттылық, геосаясат және басқа да аспектілерге байланысты ауқымды проблемалар талқылануда. Сонымен қатар, Президент Астана экономикалық форумы барысында Халықаралық болжам институтын құруды ұсынды.
null  

2012 жылдың тағы бір басты оқиғасы 31 мамырда «Бейбітшілік пен келісім - адамзат таңдауы» деген тақырыпта өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі еді. Дүниежүзілік деңгейдегі бұл басқосуға арнайы шақырылған дінбасылары мен құрметті меймандар алдында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сөз сөйлеп, әлемнің 40 елінен келген барлық 85 делегация басшылары мен қатысушыларына ыстық ықыласын білдірген болатын. «Біздің кеңестің басты мақсаты - діндер үнқатысуымен бейбітшілікті нығайтуға мүмкіндік туғызу. Оның жұмысының негізінде әуелгі кездегі адамгершілік қасиеттер: жақсылық, махаббат, әділеттілік, бейбітшілік пен келісімді ортақ ұстанушылық жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
null
2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жариялағанымен де ерекшеленеді. Жылдың соңында  «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындады. Қуатты да табысты мемлекет құрудағы түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісім мен татулығы, ұлттық экономика, ядролық қаруды таратпау, жаңа кадр саясаты, бюджет, салық, ақша-кредит, тағы да басқа басым бағыттар нақтыланды. Қазақстандықтарды бірлікте болуға шақырды, бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол - қасиетті қазақ даласы екендігіне маңыз берілді. Тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» идеясы ұсынылды. Елбасы елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу бастамасын көтерді. Ендігі жерде жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйып, халық болып топтасып, осы міндетті абыроймен атқарып шығу қажет.

 

2012 жыл:

- 12 қаңтарда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Алаштың ардақтысы, халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында сөз сөйледі.

- 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Парламент Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» партиясы пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.

- 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады.

- 19 наурызда Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің және Еуразиялық Жоғары экономикалық кеңесінің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысы өтті.

- 27 наурызда Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің пленарлық отырысы болып өтті. Бұл саммитке Оңтүстік Корея Президенті Ли Мен Бактың шақыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Саммит аясында Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттердің басшыларымен маңызды кездесулер өткізді. Әсіресе, Қазақстан, АҚШ және Ресей президенттерінің үшжақты кездесуі болып, соның нәтижесінде Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы саммит барысындағы елеулі оқиға болды.

- 15 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде болған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) сессиясына қатысты. Сондай-ақ, осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті. Онда ТМД аясындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың мәселелері талқыланды.

- 23 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумының салтанатты ашылуы болып өтті. Осы күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, келіссөздер жүргізді.

- 30 мамырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезі өз жұмысын бастады. Айтулы форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
null
- 31 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада бой көтерген «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылды.

-  5 маусым күні кешке Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен ҚХР астанасы - Бейжіңге барды. Ертесіне Елбасы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Бұдан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Отырыста ұйымды одан әрі дамыту ісі, өңірдегі және жалпы әлемдегі ахуал, халықаралық өзекті мәселелер талқыланды.

- 3 шілдеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру форумы аясындағы телекөпірге қатысып, Үкіметтің 2012 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын шығарды.

                          null  

- 6 шілдеде Астанада «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Елбасы: «Елордада еңселі, үлкен мешіт ашылып отыр. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! 4 мұнаралы сәнді және сәулетті мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл - кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар», - деді.

- 27 шілдеде Лондонда ХХХ Жазғы Олимпиялық ойындар салтанатты жағдайда ашылды. Әлемдік спорт саңлақтары тізбегінде Қазақстан құрамасы өткен кезде стадиондағы мың-сан қошемет білдірушілер қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Елбасы Лондонға жасаған бұл сапарында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Ал 17 тамызда Астанада Лондон Олимпиадасында бақ сынаған Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелеріне құрмет көрсету салтанаты болды. Рәсімнің Тәуелсіздік сарайында өткен негізгі бөлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің аты мен даңқын Ұлыбритания жерінен аспанға шарықтатып, айдай әлемге таратып қайтқан саңлақтарымызды қабылдады.

- 12 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) мерейтойлық сессиясы және Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі болды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

- 21 қарашада Парижде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олланд кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестіктің стратегиялық деңгейін атап өтті және екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамыту ісін талқылады.

                         

- 22 қарашада ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Парижде өткен 152-сессиясында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетін болып шешілді. ХКБ-ға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде Астананы 103 ел қолдап шықты.

-  14 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады.

Соңғы жаңалықтар