Тауарлық газды сатып алу мен өткізуде оператордың айрықша құқығы жойылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов тауарлық газ нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту қадамдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тауарлық газ нарықтарындағы бәсекелестікті дамытуда не ұсынылады? Газ бағасын мемлекеттік реттеуді сақтау. Бұл ретте, осындай квоталарды қалыптастырудың айқын және ашық өлшемшарттарын айқындай отырып, ішкі нарыққа газ жеткізуді квоталау тетігін енгізу қажет. Бұл нарықты кезең-кезеңімен қайта реттеу тауарлық газды биржада өткізу көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл инвестициялар тарту және туындаған тапшылық жағдайында газ өндіру көлемін ұлғайту үшін қажет», - деді Р. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, тауарлық газды сатып алуға және оны ішкі нарыққа өткізуге «QazaqGaz» айрықша құқығын жою керек.

«Осылайша, тәуелсіз бөлшек саудада газ жеткізушілерге тауарлық газды магистральдық және тарату желілері арқылы тікелей өткізу тетігі ұсынылады. Бұл баға белгілеуден ұлттық оператордың, газды бірыңғай сатып алушының жоғарыда аталған монополиялық шығындарын алып тастауға, оның бәсекелес аралас тауар нарықтарына – құрылыс-монтаждау жұмыстарына, биллингке, көлікке теріс әсерін жоюға мүмкіндік береді. Ұлттық оператордың экспорттық кірістерінен ішкі нарықты субсидиялау тоқтатылғаннан кейін, 2025 жылға қарай осы тауар нарығын монополиясыздандыруды аяқтау ұсынылады», - деді агенттік өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бәсекелестікті қорғау агенттігі басшылығы газ нарығындағы кемшіліктерді атады.

Рустам Ахметов тауарлық газды бөлшек саудада өткізу нарығында монополиясыздандыру процесі басталғанын айтты.



Соңғы жаңалықтар