Татарстандық дәрігерлер коронавируспен күреске қолдау көрсету үшін Өскеменге келді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің шақыруымен коронавирус инфекциясын емдеуге медициналық көмек көрсетіп, кеңес беру үшін Өскемен қаласына Татарстан республикасынан 12 дәрігер келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Шығысқазақстандық дәрігерлерге Ресейден келген анестезиолог-реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог, инфекциялық госпитальдің дәрігерлері мен қызметкерлері көмектеседі. Дәрігерлер тобын Татарстан Республикалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет көрсету жөніндегі бірінші орынбасары Марсель Миннулин басқарды.

«Бұл сапар – біз үшін екі ел дәрігерлерінің арасында тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар коронавирусты емдеуде бір-бірімізге көмек көрсету. Коронавирус – дұрыс жүргізілуі тиіс сатылық ауру. Вирустың «сатылық сипаты» бар болғандықтан, пациент жағдайының нашарлайтын кезеңдері болады. Ең бастысы – бұл күндері дұрыс әрекет етіп, науқасқа қажетті препараттар енгізу, аппаратқа дұрыс қосу. Бұл әрекеттер оң нәтижесін береді», - деп атап өтті Минуллин.


Еске сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Татарстаннан мамандарды тарту үшін Татарстан президенті Рустам Миннихановпен келіссөздер жүргізді.

Атап өтейік, облыста төсек-орын қорын қажетті жабдықтармен жабдықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде мұндағы өкпені жасанды желдетудің (ӨЖЖ) 196 аппараты, 57 цифрлық рентген-аппаратына қосымша өкпені жасанды желдетудің 50 аппараты, 10 рентген-аппараты сатып алынған. Сондай-ақ 200 монитор, 200 инфузомат, үш ЭКМО, 178 пульсоксиметр, 12 ӨЖЖ, соның ішінде балаларға арналған ӨЖЖ екі аппараты, бір компьютерлік томограф сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ, жедел жәрдем автомобильдерінің паркін 216 көлікке көбейту жоспары бар.


Соңғы жаңалықтар