«Татар-информ» ақпарат агенттігінің құрылғанына 30 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Татарстан жайлы күнделікті жаңалық тарататын «Татар-информ» республикалық ақпарат агенттігінің құрылғанына 2020 жылдың 6 маусымында 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттікті құру жөніндегі бұйрыққа 1990 жылдың 6 маусымында Татарстанның бірінші президенті Минтимер Шаймиев қол қойған болатын. Осылайша «Татар-информ» - Кеңес Одағы мен Ресей Федерациясы аумағындағы өз күшімен ашылған алғашқы ақпарат агенттігі болды.

Қазіргі таңда ТИ сайтында күніне орыс тілінде - 250, татар тілінде 60 жаңалық таратылады. Сонымен бірге «Татар-информ» өзіндік видео және аудиоконтентті де шығарып отыр.

Агенттікке айына шамамен 1,5 млн адам кіріп, жаңалықтарды қарап, өзіне қажетті мәліметтерді ала алады.

«Татар-информ» қазақстандық «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігімен серіктесе жұмыс жүргізетін агенттіктің бірі. 2018 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы Үкіметаралық комиссияның отырысында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен «Татар-информ» ақпарат агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің құжатқа қол қою рәсімі Татарстан астанасындағы Қазан ратушасында өтті. Меморандумға «ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры Асқар Умаров пен «Татар-информ» АА Бас директоры Шәміл Садықов қол қойған болатын.

Қос агенттік жаңалық алмасып қана қоймай, рухани ынтымақтастықта да бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Мәселен Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған эстафетаны былтыр «Татар-информ» ұжымы құрметпен қабыл алған болатын. «Татар-информ» ұжымы Абайдың өлеңін оқып, флешмобқа агенттіктің бас редакторы Рәмис Латыйпов, тілшілер Динә Йосыпова мен Алинә Айдарова және лента редакторы Гөлфия Гобәйдуллина қатысқан еді. Сондай-ақ видеоблог авторы Илгиз Шәкүров те бар. «Татар-информ» өкілдері #abai175 флешмобы эстафетасын ТНВ – «Яңа гасыр» телерадиокомпаниясына және «Болгар радиосына» тапсырған.

30 жылдыққа орай «ҚазАқпарат» агенттігі «Татар-информ» агенттігі ұжымының еңбегіне жеміс тілейді. Агенттіктеріміз түбі бір түркітілдес екі елдің туыстығын нығайта берсін.


Соңғы жаңалықтар