Ташкентте «темір генерал» Сабыр Рақымовтың ескерткіші орнына қайтарылды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте аты аңызға айналған генерал Сабыр Рақымовтың ескерткіші өзінің тарихи орнына қайтарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Монументтің ашылуына Өзбекстан Республикасынң қорғаныс министрі Абдусалом Азизов, Өзбекстан астанасының хокимі Жахонгир Артықходжаев, ардагерлер, әскери қызметшілер мен мектеп оқушылары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.

«Біздің ескерткішті өзінің бұрынғы орнына қайтарғанына қатты қуанып отырмыз. Мен осы өңірде туылып, өскенімді мақтан тұтамын. Сол себепті бүгін ұлыммен бірге генерал Сабыр Рақымовты еске алып, ұлыма ол туралы айтып беру үшін келдім. Оны қайтарғандары үшін қуанышымызда шек жоқ. Біздің президентіміз Өзбекстан батырларын ұмыттырмау үшін көп нәрсе істеп жатыр», - деді жергілікті тұрғын Олеся Вахидова.

Сабыр Рақымовтың ескерткішін 1981 жылы ашқан. Ол алғашқы Сабыр Рақымов ауданы хокимияты ғимаратының алдында орын тепкен. 2010 жылдың соңында ауданның атын Алмазар деп өзгертіп, «Сабыр Рақымов» метросы станциясына «Алмазар» деген жаңа атау берген болатын. 2011 жылы ескерткіш Ташкенттің Чиланзар ауданындағы Гафур Гулям саябағына көшірілді.
null 

Алайда, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Наманган облысындағы жиналыста генералға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. Кейін қаһарман Сабыр Рақымовтың ескерткіші бұрынғы орнына қайтарылды.

Аудан мен метро станциясының аты Сабыр Рақымовтың есіміне қайта ауыстырылатыны әзірге белгісіз.

Еске салайық,  Сабыр Рақымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Ол Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал-майор болды. И.Сталин оны «темір генерал» деп атаған. 1922 жылы әскер қатарына өзі сұранып, Баку қаласындағы әскери училищеге түседі. Оны үздік бітірген соң, Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясындағы полктің взвод командирі болып тағайындалады. Көп ұзамай іскер  командир ретінде көріне білген Сабырды эскадрон командирлігіне өсіреді. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысы басталған алғашқы күндерде ол өзінің қызмет еткен бөлімімен майданға аттанады. Сұрапыл соғыс жылдарында ұрысты сауатты ұйымдастыра білгені үшін «Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», Суворов және Кутузов, «Кавказды қорғағаны үшін» ордендерімен және медальдармен марапатталады. Өкінішке орай, генерал Рақымов Жеңіс күнін көре алмай кетті, 1945 жылы 26 наурыз күні Польшаның Данциг қаласы үшін шабуыл кезінде қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1965 жылдың 6 мамырында генерал-майор Сабыр Омарұлы Рақымовқа соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

null

Соңғы жаңалықтар