Ташкентте қазақ-өзбек ынтымақтастығына қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Ташкентте екі ел сарапшыларының қатысуымен «Қазақстан-Өзбекстан: өзара тиімді ынтымақтастықтың болашағы мен келешегі» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен «Білім керуені» мемлекеттік емес ғылыми мекемесі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараның модераторы болған «Караван знаний» МҒМ директоры Фарход Толипов тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы екі мемлекет ынтымақтастығының саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және дипломатиялық аспектілерін талқылау үшін жақсы себеп екенін айтты.

Қазақстан елшісі Дархан Сатыбалды тұрақты және тиімді байланыстардың арқасында қол жеткен өзбек-қазақ қатынастарының, тату көршілік пен стратегиялық әріптестіктің қазіргі жоғары деңгейіне назар аударды.

«Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстанның көпғасырлық достығында маңызды екі құжат болды: Мәңгілік достық туралы шарт және Стратегиялық әріптестік туралы шарт. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы өзара іс-қимыл сапалы жаңа деңгейге шықты. Біз ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша озық нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты байланыстар тарихында жаңа тарауға өтті», – деді Д. Сатыбалды.

Қазақстандық дипломат қатысушыларға халықаралық және өңірлік саясат, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша екі елдің өзара іс-қимылы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Осылайша, Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастары өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша жақсы дамып, Орталық Азия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі саналатын екіжақты ынтымақтастықтың табысты моделіне айналды», – деп түйіндеді Д. Сатыбалды.

Модератор Фарход Толипов «Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық әріптестігі – ынтымақтастықтың ерекше түрі» атты баяндамасында қазіргі уақытта жаңа дәуірді бастан кешіп жатқан екі елдің тәуелсіздігі қарсаңындағы интеграциялық процестің тарихи аспектілерін қозғады.

«Келесі кезең – Орталық Азияның өңір құрылысы бойынша күш-жігерді шоғырландыру. Қазіргі уақытта өңір елдері ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бес жақты мемлекетаралық құжатты бірлесіп дайындауда», – деді Ф. Толипов.

Бұл көзқарасты Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы экс-елшісі Тұрдықұл Бутаяров қолдады, ол: «Стереотиптерден арылып, әр елді жекелеп қарамайтын кез келді, өңірді тұтастай қарап, осы бағытта даму керек, бұл ұжымдық стратегиялық ынтымақтастыққа жаңа көкжиектер ашады», - деп атап өтті.

Дөңгелек үстел аясында қоғам қайраткері Азиза Умарова, ғалымдар – Бахтиер Ирисметов, Зокир Усманов, Равшан Назаров сөз сөйледі, олар өз сөздерінде мәдени-гуманитарлық, ғылыми және экономикалық ынтымақтастықтың қозғаушы күші болатын жаңа байланыстар жайында айтты.


Соңғы жаңалықтар