Тәртіпсіздіктер кезінде Алматы әуежайының қызметкерлері эвакуацияны қалай жүргізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы халықаралық әуежайының қызметкерлері 5 қаңтарда нысанға бүлікшілер шабуыл жасаған кезде әуежай ғимаратынан адамдарды қалай эвакуацияланғанын және жолаушылардың сол сәтте қандай сезімде болғандары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Әуежай ауысымының бастығы Фархат Сәбитов эвакуация шамамен 19:45-те басталғанын еске салды. Қызметкерлеріне тиісті пәрмен берген.

«Бізге зиян келтіргісі келетін жас адамдар келе жатыр деген ақпарат алдық. Мен әуежайдың барлық қызметкеріне эвакуация туралы бұйрық бердім. Автобустар перронға шықты. Қызметкерлер жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіре бастады. Бізде уақытша сақтау қоймалары бар, бұл төтенше жағдай кезінде қызметкерлер мен жолаушыларды апаратын жеріміз. Маған қызметкерлер көмектесті. Олар қойылған міндетті дұрыс орындады, оларға көп рахмет. Олар қорықпады, нұсқау бойынша нақты жұмыс істеді», - деді ол.

Оның айтуынша, 50-ге жуық бұзақы болған. «Эвакуация болып, біз қызметкерлермен соңғы болып шыққанда, жастар бізге жүгіріп келді, олардың көздері қызарған болды. Мен мұны бірінші рет көрдім. Менде аздап қорқыныш болды», - деп есіне алады ауысым бастығы.

Сонымен қатар, ол ұрланған ұшақтар, зардап шеккен қызметкерлер мен жолаушылар жоқ екенін мәлімдеді. Олардан ешқандай қауіп төнген жоқ.

Фархат Сәбитов бұл күні әуежайда екі жүк және екі жолаушылар ұшағы болғанын айтты. Олар Бішкек (100-ден астам адам) пен Мәскеуге (160 адам) ұшуы тиіс болды. Сондай-ақ, Сеулден (Оңтүстік Корея) 80 жолаушысы бар ұшақ келіп қонған.

«Бұл жолаушылар Кореядан келген. Әуежай аумағында жағдайдың тыныш екеніне көз жеткізген соң, оларды борттан ақырындап эвакуациялай бастадық. Жолаушылардың көздерінен қорқыныш көрдік. Жолаушыларды рейстен түн жамылып, жарықтарды өшіріп эвакуацияладық», - деді ол.

Ол терминалдардан 900-ге жуық адам эвакуацияланғанын атап өтті. Олар таңғы 05.00-де әскерилер келгенге дейін қауіпсіз жерде болды.

Тағы бір қызметкер, терминалдың ауысым бастығы Аркін Нұранбеков барлық қызметкерлердің өз міндеттерін орындағанын атап өтті. Ешкім қашып кетпеді. Олар жолаушыларды платформа жағынан эвакуациялады.

«Түнде осында болдық. Бізде жолаушылар мінген үш ұшақ осында болды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі - біз үшін бірінші міндет. Оларға тамақ пен сусын ұйымдастырдық. Оларға эвакуациялануды ұсындық. Кейбіреулерін алып шықтық, ал басқалары ұшақта қалуды жөн көрді. Мен осында ауысым бастығымен соңына дейін болдым, сонымен қатар, әскерилермен бірге болдым. Олар бізге жоспарын, бүлікшілердің осал тұстарын көрсетті. Содан кейін олар тазалауға кірісті. Тонаушылар көп болды», - деді ол.

Аркін Нұранбеков барлық жолаушылардың үрейленіп тұрғанын байқады. «Кеше бір әйел көзіне жас алып, бәрімізге алғысын білдірді. Алғыс сөздер көп. Бірақ біз жағдайға қарай әрекет еттік. Біз бұған дайынбыз деп айтпаймын, бірақ, эвакуация жоспары бар. Қойылған бомбалар туралы жасырын қоңыраулар түскенде бізде эвакуация болады. Бірақ, мұндай жағдай менің жұмысымда бірінші рет болды», - деді Аркін Нұранбеков.

Перрондағы автобустардың бірінің жүргізушісі Амангелді Мангетаев жұртпен қоса өзі де шошып кеткенін айтты. Бірақ, ол нұсқауларды орындады. Нәтижесінде перрондағы автобустардың әрқайсысы терминалдан эвакуациялау орнына үш-төрт рейс жасады.

Авиациялық қауіпсіздік қызметінің тексеру бөлімшесінің аға инспекторы Әсел Буденеева жолаушыларды эвакуациялау кезінде тонаушылар перрон автобусын тоқтатпақ болғанын және. барлығын өз жағына өтуге шақырған.

«Ең алдымен жолаушылар мен балалар эвакуацияланды. Біз барлығын жүк бөлімі арқылы шығардық, қызмет көрсетуші персонал перронға шықты, автобустар келе бастады. Адамдар дүрбелеңге түсті, шамадандарын лақтырды. Жолаушылар мінген бір автобус кетіп қалса, екіншісі келді. Ол да кетіп қалды. Ең соңында әріптесім екеуміз автобусқа кіріп, автобус қозғала бастағанда көлікке тонаушылар кіріп кетті. Біреуі автобустың ортасында тұрып, орнымызда қалуды талап етті және бас адамның кім екенін сұрады. Оларға қарапайым азаматтар екенімізді, бізді отбасымыз күтіп тұрғанын айттық. Сосын олар өздерімен әуре болғанда, біз кетіп қалдық. Мен қорықпадым. Неменеге қорқам? Оларда қару болған жоқ. Мені ең алдымен балалар мен жолаушылар, біздің инспекторлар алаңдатты», - деді ол.

Бұған дейін халықаралық әуежайдың баспасөз қызметінің жетекшісі Наиля Жабагина 5 қаңтарда кешкі уақытта әуежайға келген агрессивті азаматтар негізінен жалға алушылардың бутиктерін қиратып, терезелерін сындырып, бейнекамералар орналасқан серверлік бөлмелерге жеткенін айтқан болатын. Мұның барлығын әуежай қызметкерлері қалпына келтірді.

Айта кетейік, әуежай 13 қаңтарда жұмысын қайта бастады, ал 19 қаңтардан бастап штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін біз тәртіпсіздіктен кейінгі әуежайдың келбетін көрсеткен болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар