Тәртіп сақшыларына тіл тигізгендерге қандай шара қолданылатыны айтылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Алматы облысында өзінің қызметтік міндеттерін атқарып жүрген билік өкіліне тіл тигізу дерегі бойынша 22 қылмыстық іс қозғалған, 16 адам сот шешімімен бас бостандығынан айырылса, 30 адам әкімшілік қамаққа алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде полицейлер заң өкілдерінің әрекеттерімен келіспейтін және мінез танытатын азаматтармен бетпе-бет келеді.Олардың кейбірі полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына белсенді қарсылық көрсете отырып, көпшілік алдында билік өкіліне тіл тигізеді және оларға қарсы күш қолданады. Ал, қолданыстағы заңнамада полиция қызметкерлеріне қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің арнайы нормаларымен қарастырылған», - деді Алматы облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Самал Арғынғазинова.

ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, сондай-ақ он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

«Әрбір іс бойынша күдікті адамдар міндетті түрде уақытша ұстау изоляторына қамауға алынады. Ағымдағы жылдың 7 айында ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша 22 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 16-сы айыптау актісімен сотқа жіберілді, 6 іс өндірісте. 30 күдіктіге қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қабылданды», - деп атап өтті спикер.

Мысалы, Қарасай аудандық сотының үкімімен И. есімді азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық-тұрмыстық жанжал бойынша келген Қарасай АПБ екі учаскелік полиция инспекторына пышақ қолдану арқылы қарсылық көрсеткен және бір тәртіп сақшысына дене жарақатын салған.

«Көптеген жағдайларда кейбір азаматтар агрессивті қарсылық көрсетеді, қызметкерлерді арандатуға тырысады, тіпті өміріне қауіп төндірумен қорқытады. Сонымен қатар, олар осы әрекеттердің барлығын ұялы телефондарға түсіреді, шын мәнінде шынайы себептерді бұрмалай отырып, өздеріне тиімді тұстарды ғана түсіреді. Заңсыздыққа жол бермеу мақсатында барлық сақтық шараларын, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын қатаң сақтауға, өкінішке әкеп соғатын әрекеттер жасамауға шақырамыз», - деп қорытындылады полковник Самал Арғынғазинова.


Соңғы жаңалықтар