Тәртіп пен тәрбие әскери қызметтің қос қанаты іспеттес – Бақыт Алазов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәртіп пен тәрбие әскери қызметтің қос қанаты іспеттес. Осыған орай ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бақыт Алазов өз ой-толғамы, сырымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жер бетінде Отанын, елін, жерін сүймейтін халық жоқ. Соның ішінде қазақ жұртында, жалпы, шығыс, түркітілдес ұлттарда жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу көне заманнан бері жалғасып келеді.

- Өз Отанымыз, өз елімізді құрметтеп, қадірлеу – біздің қасиетті борышымыз, оны қорғау – міндетіміз. Отан-Ана деп бекер айтылмаған. Анамызды қалай қадірлесек, Отанымызды да солай құрметтеп, әрдайым оны қорғауға әзір болуымыз керек, - дейді Бақыт Алазов.

-Бақыт Мағауұлы, алдымен әскери қызметке қалай келдіңіз, сол жөнінде айтып өтсеңіз?

-Бұл мамандықты мектепте оқып жүргенде таңдадым. Оған елімізде ерлік дәстүрінің тінінің беріктігі, кішкентайымыздан отаншылдық рухта тәрбиеленгеніміз әсер еткені анық.

Өмірде мамандық көп болғанымен, соның ішінде әскери қызметтің өз ерекшеліктері бар. Жалпы, адамдардың сарбаздар мен сардарларға құрметпен қарайтыны жасырын емес. Шын мәнісінде әскери қызметші ерлік пен өрліктің үлгісін көрсете білуі тиіс.

Өзім Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Ново-Александровка ауылында 1977 жылы 4 сәуірде көп балалы отбасында жарық дүние есігін ашыппын. Әкем Мағау Алазов – тың игерген диқан, Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің екі мәрте иегері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. Анам Райхан бала тәрбиесімен айналысты. Отбасында бес ұл, үш қыз болдық.

2001 жылы Петропавл қаласындағы Ішкі әскерлердің жоғары әскери училищесін тәмамдағаннан кейін Шымкенттегі Ішкі әскерлердің Оңтүстік құрамасына қарасты әскери бөлімде қызмет жолым басталды. Мұнда патрульдік рота командирінің орынбасары, рота командирі, батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болдым. Оңтүстіктен кейінгі қызмет Астана қаласында жалғасты. Ішкі әскерлер комитетінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасында қызмет атқардым. Кейін 5512-әскери бөлімінде батальон командирінің орынбасары, 6679-әскери бөлімінде тәрбие бөлімінің бастығы және бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болдым.

Ал 2012 жылы Щучинск қаласындағы ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық қорғаныс университетін бітіріп, Өскемендегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. Екі жылдан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бас басқармасының саяси тіл және ақпарат, әлеуметтік-құқықтық бөлімдерін басқардым.

2017 жылы Петропавл қаласындағы Әскери институт бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бас басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқардым. 2019 жылдың қаңтар айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне келдім.

-Өміріңізге, мінезіңізге әскер қатарында болу әсер етті ме?

-Адам алдымен армандай білсе, соған шын құлшынса, мақсаты орындалады екен. Жастайымнан спортқа да жақын болдым. Оның үстіне әскери қызмет өміріме, мінезіме айтарлықтай ықпалын тигізді. Біріншіден, уақытты бағалайсың, жоспарлап жүруді үйренесің, артық сөйлемеуге тырысасың. Екіншіден, сөзге, уәдеге берік боласың, тәртіпке бағынасың.

-Қазіргі кезде Ұлттық ұлан әскерінің рухын көтеру бағытында қандай жұмыстар атқарылады? Бұл бағытта қандай да бір бағдарламалар бар ма?

-Онысыз болмайды. Әскери қызметші үнемі қадағалауда, назарда болуы қажет. Ол үшін сарбаздарымызға патриотизм бағытындағы әңгімелер әрдайым айтылуы шарт. Біз құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тым-тырыс үндемей қоюдан гөрі керісінше сол туралы нақты айтып, одан аулақ болу қажеттігін ескертіп отырсақ, ұтарымыз көп болады. Бала кезімізде ата-анамыз да «Жамандық жасама, өзіңнің алдыңнан шығады», «Біреудің ала жібін аттама» деп тәрбиеледі емес пе, бұл да сол сияқты.

-Әскери қызмет те патриотизмге негізделуі керек дейсіз ғой?

-Иә, әскери жарғылардың негiзгi идеясы – патриотизм. Әрі онда әрбiр жауынгердiң Отанды қорғаудағы жауапкершiлiгi, әскери борышына, әскери антына шексiз берiлгендiгi көрініс тапқан. Басты мақсат – әскердегі темiрдей берiк тәртiптi сақтау, жауынгерлердi оқыту мен тәрбиелеудi бiр жүйеде жүргiзу, әскери iстi осы заманғы әскери өнер мен ғылым талаптарына сай ұйымдастыру және жүргiзу. Жалпы, әскери орта – нағыз ер-азаматтарды, патриоттарды тәрбиелеп шығаратын орын. Әскери құрылымда әр адам жан-жақты шыңдалып шығады. Жас ұрпаққа сапалы бiлiммен бiрге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектiлiгiн жоғалтқан емес.

Менің пікірімше, патриоттық тәрбиені бойына сіңіре алмаған, бала кезінен батырлар туралы ертегілер тыңдап, елдікті, ерлікті ұлықтайтын өлеңдер жаттап, аңыз-эпостық шығармаларды етене қабылдамаған, былайша айтқанда, ұлттық рухты қанына сіңірмеген жігіттің бойында мейлі бес кісінің қайраты болса да, ол патриот атана алмайды.

Ең басты күш – тәрбие. Тәрбиемен шыңдалған патриотизм – Отанды қорғау сәтінде өз жемісін береді. Сондықтан патриотизм, туған жерге деген сүйіспеншілік туған табалдырықты құрметтеуден басталады деуге болады.

Ата-бабамыз қай заманда болмасын кейінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне атүсті қарамаған. Керісінше, оларды ұлттық үрдіске ұйытып, жүректеріне отансүйгіштік қасиетті қалыптастыра білген. Міне, дәл осындай терең мәнді тәрбиенің арқасында ғана сан қилы тағдырдың талауына түссе де, аталарымыз туған халқын жаудан қорғап, ұлан-ғайыр жерге ие бола білген.

-Осы тәртіп пен тәрбие мәселесі «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде қалай жолға қойылған деп ойлайсыз?

-Ұлттық ұланға қарасты барлық өңірліктегі әскери бөлімдер секілді бізде де тәртіп пен тәрбие басты назарда. Біріншіден, жеке тұлғаның өзіне-өзі жауап бере алуы. Әрбір сөз бен іске жауаптылық кез келген адамның бойында болатын қабілет емес. Ал әскери адамның бұл қасиетке жақын болуы ішкі тәртіптің күштілігінде. Екіншіден, тазалық мәселесі. Адамның өзіне ғана ұқыпты болуы аздық етеді. Әскери орындарда көйлектің жағасын жуу, үтіктеу ең алғашқы талаптардың бірі болса, оған қоса төсек-орынды дұрыс жинау міндеті және бар. Әскер қатарында борышын өтеген әрбір азаматтың бойында жігітке тән сабырлы мінезбен қатар, адами құндылықтар да қалыптасады. Үшіншіден, сөзден іске көшу, яғни әрекет болмай, қаре-кет болмайтынын сезіну. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» (Бауыржан Момышұлы) дегендей, патшасына бағыну, еліне бағыну, халқына бағыну – қасиет.

Жасыратыны жоқ, біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз айырмашылықтары бар. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерді күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау және т. б. «Тәртіп – жеңістің анасы» деген сөз біздің ұранымыз іспеттес.

-Қазіргі таңда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық мәселелермен айналысатын әскери қызметшілердің жұмыс жүйесінің нақты тетігі қалыптасқан ба?

-Әрине. Бүгінде тәрбие және идеологиялық жұмыстардың барлық бағыттары бойынша қолайлы тетіктер жеткілікті. Мемлекеттік-құқықтық даярлық, ақпараттандыру, өзіндік шығармашылық қызмет, оған қоса жеке құраммен жұмыс жасаудың жаңа түрлері енгізілуде. Әскери қызметтің сапасын арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылуда. Психологиялық қабілетіне қарай жүздіктерге бөлініп, қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке түсетін қызметшілерге баса көңіл бөлінеді. Психологиялық тестілеуден өтпегендер қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке жіберілмейді.

-Әскердегі тәрбие жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты не айтар едіңіз?

-Ашығын айтқанда, әскери ұжымда болып жатқан жағдайларды үнемі біліп отырамыз. Барлық санаттағы әскери қызметшілермен ұдайы жасырын сауалнама жүргізіледі. Сауалнамамен әскери қызметшілер толықтай қамтылады. Өзекті мәселелер лауазымды тұлғаларға жеткізіледі. Бірінші кезекте маңызды мәселелер шешіледі. Әскери тәртіпті бұзуға жақын әскери қызметшілер демалыс және мереке күндерінің алдында бір топқа жинастырылады. Оларға Қазақстан Республикасының заңдары түсіндіріледі, саптық және басқа да жарғылар бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Казармалық үй-жайларда «Жауынгерлерге заң туралы» бұрыштамалар жасақталады. Онда әскери қызметті өтеуге байланысты қолданыстағы заңнамаларға түсініктемелер беріледі. Барлық казармалар мен штабтарда бөлім басшыларының ұялы телефондарының нөмірлері жазылып тұр. Әскери қызметшілер көкейде жүрген сауалдарын СМС-хабарлама арқылы да жолдай алады. Хабарламада баяндалған деректердің анық-қанығы шұғыл тексеріліп, тиісті шара қабылданады. Осындай тәсілдердің көмегімен жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалының мони-торингі жасалады.

-Алдағы жоспарларыңыз қандай, өз отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?

-Басты мақсатымыз – қызметімізді талапқа сай атқарып, биылғы жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылау. Бұған қолдан келгенше барлық күш-жігерімізді аянбай жұмсаудамыз. Қалай болғанда да бізге босаңсу жат. Өйткені біз еліміздің ішкі тыныштығын қадағалайтын тәртіптің әскері болғандықтан, әрқашан қырағылық танытуға тиістіміз.

Отбасым туралы айтсам, 2003 жылы үйлендім. Зайыбым Жаннамен бір сыныпта оқыдым. 2014 жылы Айлана есімді қызымыз дүниеге келді, қазір мектепте оқиды. Жұбайым бала тәрбиесімен айналысады. Бұрын ішкі істер органдарында қызмет атқарды, офицерлік шені – аға лейтенант.

Қолым босай қалғанда, айналысатын екі хоббиім бар. Отбасыммен табиғат аясында серуендегенді ұнатамын және қыста шаңғы тебемін. Сондай-ақ ерлік, батырлар мен қолбасшылар туралы шығармаларды оқимын. Әсіресе, Бауыржан Момышұлы, Георгий Жуков, Константин Рокоссовский туралы кітаптар жаныма жақын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын екі адамды өрттен құтқарған сержанттың өз әрекетін ерлік деп есептемейтінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар