Тарихы терең, қасиеті ерен - Киелі ағаш

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Жерұйығы Жетісудың оңтүстік-шығысындағы жаннат өлке - жазиралы Жаркент жерінің даңқы жарты жаһанға жария десек, жаңылыса қоймаспыз.

Бұл өңірдің бұлайша әйгілі болуының бір ұшы осынау киелі топырақта жеті ғасырдан бері жайқалып өсіп тұрған, діңінің жуандығына жеті адамның құлашы әрең жететін алып ағаштың қасиетінде екенін еске салсақ, тағы да - артық айтпағандығымыз.

Жергілікті ел-жұрт әр қилы кезеңде «Әулиеағаш», «Үлкенағаш», «Жуанағаш» атаған осынау табиғаттың таңғажайып туындысы - жеріміздің, еліміздің мәңгілік мақтанышы! Күллі қазақ жеріндегі жасыл желектің анасы іспетті бұл киелі ағаштың аясынан жыл сайын егеменді еліміздің «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын көгалдандыру, көркейту істері бастау алады. Сонымен қатар бұл ерекше ағаш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өмірге келген «Қазақстанның киелі орындары» тізімінің қатарына ресми түрде енген. Киелі ағаш өскен саялы тоғайдың кіреберісіне KR - код орнатылған. Биылғы жазда бұл киелі орынның айналасы арнайы жоспар бойынша абаттандырылып, бас-аяғы екі айдың ішінде адам танымастай өзгертілді. Құрылыс жұмыстары тура қасиетті Құрбан айттың қарсаңында толық аяқталып, көрінісі көз қызықтырар орынға айналды. Орайы келгенде осы орынды ізгі іс жөнінде тереңірек мағлұмат алу мақсатында біз Панфилов ауданының әкімі Өмірәлиев Талғат Әбенұлын әңгімеге тартқан едік.


- Сөз жоқ, ел мен жердің қадір-қасиеті осындай орасан зор ерекшеліктерімен еңселене түседі. Негізі, «Жаркент» атауы атала қалса, ең алдымен осы «Киелі ағаш» ойға орала кетеді. Қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған атақты Орбұлақ шайқасындағы ұлы Жеңіс санаңа сап ете қалады. Қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілқан Қастеев пен көзі тірісінде-ақ «Жетісудың бұлбұлы» атанған жезтаңдай әнші-сазгер Дәнеш Рақышевтың есімдері еске түседі. Сәулет өнерінің еш шегесіз тұрғызылған теңдессіз құрылысы - «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің ғажайып ғимараты көз алдыңа келеді.

Осынау баға жетпес құндылықтарымыздың қадіріне жетіп, құрметтей білу - біздің азаматтық борышымыз, перзенттік парызымыз деп білеміз. Сонымен қатар оларды дәріптеп, әспеттеп, насихаттау да - осы заманғы озық үрдістің үлгісіне сәйкес келетіндігі де айдай ақиқат, - деп бастады әңгімесін өңір басшысы.

- Сөзіңіздің бағдарынан бағамдағанымыз - бұл тірліктеріңіз алдағы уақытта атқарылатын ауқымды шаралардың бастамасы-ау, сірә?

- Дұрыс аңғарғансыз. Мен жаңағы бейнелеу өнері мен ән көгінде жұлдызы жоғарыдан жарқыраған жерлес абзал жандардың аттарын, тарихи маңызы аса зор қасиетті орын мен сәулет ескерткішін тектен-текке еске алып отырған жоқпын. Алдағы уақытта оларды ұлықтау бағытында жан-жақты кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.

Ал, Киелі ағаш жайлы мәселеге келсек, қазір алдын ала жасалған Бас жоспардың бірінші кезеңі бойынша (2020 жылдың маусым – шілде айлары) тек абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары ғана жүзеге асырылды. Енді екінші кезеңде бұл орынды құжаттандыру, яғни, ресми шешім шығару, мемлекеттік акт және техникалық төлқұжат алу, сондай-ақ, топографиялық жұмыстардың кезегі күтіп тұр. Үшінші кезеңде жобалық-сметалық құжат жасатпақпыз. Төртінші кезеңде дәмхана, кәдесыйлар сататын дүкен, қонақ үй, тағы басқа да қажетті құрылыс нысандарын салып, түбінде осы орынды туристік базаға айналдырсақ деген ой-мақсатымыз бар.


- Ойларыңыз – орынды, мақсаттарыңыз - мәнді екен. Оның үстіне бұл орынның өзі-ақ осындай ордалы істерді орындауға сұранып-ақ тұр емес пе? Асқақтаған Арқас Алатауының баурайы, сарқыраған Бурақожыр өзенінің жағасы...

- Оһо, тура айттыңыз. Саф ауа, мөлдір су, самал жел, көкорай бел. Қол созым жерде - әйгілі «Жаркент-Арасан» және «Көктал-Арасан» шипажайлары. Балық аулап, атпен сейілдеуді ұйымдастыруға да болады.

- «Жұмыстың жақсы басталуы - істің жартысының біткені» деп жатамыз кейде желпініп. Ақиқатында да, мына Бас жоспардың бірінші кезеңінде бірталай шаруаның басын қайырыпсыздар.

- Иә. Бұрын бұл киелі орынға көлікпен Әулиеағаш - Еңбекші трассасынан батысқа қарай ойысып, біраз жер шаңдатып жүріп, барып келетінбіз. Қазір күре жолдан кілт бұрылып, үлкен қақпа алдындағы ауқымы әжептеуір автотұраққа ат басын бір-ақ тірейміз. Аяқ астымыз - түгел асфальт. Мүмкіндігі шектеулі жандардың автокөліктеріне де арнайы орын белгіленген. Айтпақшы, киелі ағашқа апаратын жаяу жүргінші жолдарына да пандус жасалған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда зиярат етіп, тамашалап келушілерге жан-жақты жағдай жасауға тырыстық. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ», тіпті әжетхананың өзін осы заманғы озық еуролық үлгіде жасаттық. Айнала түгелдей көкпеңбек шөп. Оның әр жерінде жартылай шымға шөгіп, жартылай жер бетінен көзге шалынып жатқан әр қилы пішінді шомбал тастардың өзі-ақ өзгеше көрінісімен еріксіз көз тартады. Төңірегіне жұпар шашып, хош исі танауды қытықтайтын, қызылды-жасылды түстері бірден жанарыңды жаулап, көңіліңді арбайтын алуан түрлі гүлдердің әсері тіптен ерекше. Жақтаулары темір шарбақпен оюланып, сәнделіп жасалған көпір астында сылдырлай аққан су толқыны да көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Қас қарайысымен самаладай болып жарқырап жанатын электр жарығы бар маңайды сүттей аппақ сәулеге малындырады.


- Ең негізгі нысан - Киелі ағаштың маңы айрықша абаттандырылыпты...

- Алып ағашты айнала дөп-дөңгелек етіп, ені екі метрге жуық соқпақ жолға тротуар жасадық. Оны жағалай аралары бірдей қашықтықта адамдар отыратын он екі орындық орнаттық. Бұл - тегіннен-тегін емес, «Жыл - он екі айдың» нышаны. Әр орындықтың қарсысындағы арнайы тақтайшада қазақша (кирилицамен де, латын қарпімен де), орысша, ағылшынша тиісті жыл атаулары жазулы тұр. Мұның өзі зиярат етуге келгендердің өздері туған жылына сәйкес келетін орындықта біраз дамылдап отырғанда Киелі ағаштан бір тылсым қуат(энергия) алатыны туралы наным-сеніміне байланысты ойластырылған. Жалпы, мұнда келушілердің бірден назарын аударатын көрініс - тоғай іші тап-таза. Ағаштардың адам бойындай биіктіктегі діңдерінде ешқандай бұтақ жоқ. Бәрі әппақ етіп әктелген. Төбедегі жапырақтар арасынан саулай құйылған күн сәулесімен шағылысып төңірек түгелдей ақ нұрға шомылып тұрғандай. Тағы бір ғажабы: айналасындағы балғын ағаштардың барлығы алаңқайдың дәл ортасындағы алып ағашқа қарай дөңгелене басын иіп тұр. Бейне абыз ақсақалдың алдында ақыл-кеңесін тыңдап, тағзым етіп тұрған тәрізді.


Зер салып қарап, зерделей білген жан үшін мұнда таң қаларлық таңғажайып көріністер көп-ақ. Жергілікті жұрт «Бозбала мен бойжеткен», «Ағайындылар», «Бақ ашар», «Жеті ағаш», тағы басқа да ат қойып, айдар таққан ағаштарға зер сала қарасаң, бітім-болмыстарынан бұл атаулармен дәл үйлесетініне еріксіз таңдай қағасың. Алып ағаштың, сонымен қатар, ел аузында «Көз», «Құлақ», «Мұрын» деп аталып кеткен ағаштардың да тамырларының арасынан жылтырап жатқан су көзге шалынады. Бір қызығы, әлгі су шығып жатқан ойықтардың пошымы тура атауларына сәйкес келеді. Ел оларды ем ретінде пайдаланатын да көрінеді. Осы ағаштарға және алаңқайдың бір бұрышында ерте ғасырдағы Үйсін батырына қойылған белгітасқа баратын тарам-тарам соқпақтардың барлығына түгелдей Қату тауының тақтайша тақылеттес тастары төселген.


- Иә, аз ғана уақытта айтарлықтай іс атқарыпсыздар. Бұны жүзеге асырған кімдер? Қанша қаржы жұмсалды?

- Киелі ағаш өскен тоғайдың аумағы шамамен он гектарға жуық. Алып ағаштың төңірегі жеңіл-желпі сыпырылып қана тұрғаны болмаса, бұл ара біраз жылдан бері толық тазартылмаған күйі жатқан. Сынған ағаш бұтақтары мен бытысып өскен шөп-шалам, қурай-сурай, күл-қоқыстан аяқ алып жүру азап еді. «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар ғой. Осы орайда, іргедегі Үлкенағаш ауылдық округінің орталығы - Әулиеағаш ауылының тұрғындары нағыз азаматтық белсенділіктерін танытты. Ауыл әкімі Ермек Еркінұлы Нұрахметовтың ұйымдастыруымен ерікті түрде тегін жұмыс істеп, тоғайды түгелдей тап-тұйнақтай етіп тазартты. Абаттандыру жұмыстарын атқаруға да жұмыла кірісті.


Жалпы, бұл қасиетті орынды көркейтуге он миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бірақ, бұған бюджет қоржынынан қара бақыр шыққан жоқ. Осындағы ауыл зейнеткерлері мен қарапайым таксшілерден тартып, аудандағы барлық қалалық, ауылдық округтер, бөлімдер мен кейбір қоғамдық ұйымдар шама-шарқынша өз үлестерін қосты. Серік Ақсубаев, Мақсат Көбелеков, Иманбек Түлкілиев, Иманбаевтар отбасы, тағы басқа да іскер жандар қомақты жәрдем жасады. «Максдорстройсервис», «Агам-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Медет» қонақ үй-мейрамхана кешені де көп көмек көрсетті. Сөйтіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тайлы-таяғымыз қалмай еткен әрекетімізге Алла берекет беріп, көптен бері ойда жүрген бір ісіміз оңынан орындалды. Бұл тірлігімізге күн сайын жол-жөнекей соға кетіп, тамашалап қайтатын жолаушыларға қоса қона-түней жатып зиярат ететін міскін жандардың жүрекжарды ризалық лебіздерін естігенде бір марқайып қаламыз. Құт дарып, кие қонған туған топырағымызда жайқалып өсіп тұрған бұл алып ағашымыздың қастерлі қасиеті бүкіл адамзат баласын қазіргі әлемді шарпыған індеттен айығуға септігін тигізсін деп тілек тілейміз!

- Әңгімеңізге рақымет!


Соңғы жаңалықтар