Тарихта үш жүздің басын қосқан «Атамекен» ұғымы болса, бүгінде «Мәңгілік Ел» дер кезінде ұсынылған идея болды - Серік Нұрмұратов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен нығаюындағы Елбасы рөлі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған жиынға ғалымдар мен саясаттанушылар, ЖОО оқытушылары мен PhD докторанттары қатысты.

Конференцияда ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Егемен Қазақстандағы Президент институтының қалыптасуы мен дамуы; Президент институтының қазақстандық моделі, ерекшеліктері тарихи мәні және болашағы; Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуі жолындағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың рөлі сынды өзекті  тақырыптарда баяндама жасады.

Жиында толымды баяндама жасаған ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және  дінтану институты директорының орынбасары философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы туралы жан-жақты ой қозғады.  

«Қазақстан Республикасы Президенті  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елдің болашағын айқындауға арналған «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» біздің еліміз үшін өзара бірігу және өзара түсінісу саясаты мен философиясын өзектеді және алға шығарды. Әлемдік дағдарыстың нышаны біліне бастаған кезде еліміздің Ұлт жоспарына сүйене отырып, 5 институттық реформаларды жүзеге асыруға тырысуының өзі заманауи қайшылықтарға қарсы тұрудың, мемлекетіміздің өзінің тәуелсіздігін бекіте, нығайта түсудің өзіндік қадамы деуге болады.

Өйткені, кез келген қоғамда жүйелі қызметтерді атқармай, адамаралық, мәдениетаралық өзара сыйластық деңгейіндегі қоғамдық қатынастарды орнатпай алға қарай жылжуға кедергілер көбейеді. Сондықтан, біздің пайымдауымызша, барлық деңгейлерде көпэтносты қазақстандық қоғамның қабырғасын нығайтамыз, әлеуметтік кеңістікте рухани келісімді орнатамыз,  оның рухани-құндылықтық, дүниетанымдық негіздерін анықтаймыз десек, онда саяси-әлеуметтік бағдарларымыздың теориялық және практикалық қырларын айқындап алуға тиістіміз»,- деді ғалым.

Профессордың айтуынша, еліміздің саяси және рухани кеңістігінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының қоғамда өзектендірілуі кездейсоқ дүние емес.

«Еліміздің Президенті өзінің соңғы Жолдауында «Мәңгілік Ел» ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары - «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым» деп нақты өзінің тұжырымдарымен отандастарымен бөлісті. Шын мәнінде ұлттық идеяның тарихта, қоғамдық үдерістерде атқаратын жасампаз қызметі жоғары екені анық. Кез келген ұлттық идея негізінен ұлт элитасының көмегімен әлеуметтік ортада туындап, содан соң жалпы бұқара халықтың ортасында қолдауын тапқанда ғана өзінің тарихи миссиясын толығымен орындай бастайды. Әсіресе, осы тарихи маңызды идеямен көпэтносты, көпконфессиялық қоғамымыздың жастары қаруланса, онда  өзара ұлтаралық келісіммен өмір сүруімізге түбегейлі іргетас қаланады.

Қазақ Жерінің тарихын жақсы білетін кез келген сауатты азамат Елбасының ұсынған жаңа ұлттық идеясының халқымыздың болашағы үшін  маңызы зор гуманистік маңызы бар екенін түсінеді. Сонымен қатар бұл рухани құбылыстың ел тарихында өзіндік эволюциялық тамырлары, қайнар көздері болғанын атап өтуге болады. Қазақ хандығы қалыптаса бастаған ХV-XVI ғасырларда Асан Қайғы өрнектеген «Жер ұйық» идеясы болғаны белгілі.

Бұл идея ата-бабамызды қанаттандырды, өзінің этникалық бірегейлігін нақты анықтауға көмектесті. Кейінгі тарихта жоңғар шапқыншылығы заманында «Атамекен» идеясы үш жүздің басын біріктіріп, этностың өзін-өзі сақтап қалуына рухани тірек болды. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамына ең қажетті ұлттық идея ретінде М. Дулатов «Оян, қазақ» атты жасампаз идеясын алға тартты. Аумалы-төкпелі заманда революциялық өзгерістерден гөрі қауымдастық үшін сапалы эволюциялық дамуды артық көрген қазақ зиялылары ағартушылықтың халық үшін түбегейлі пайдасын аңғарғанын байқаймыз. Ал енді қазіргі кезеңде елдің болашағын нақты істерімен күйттеуі үшін әмбебап, толыққанды рухани платформа болатындай ұғым қажет болатын. Міне сондықтан Елбасымыз ортақ мүддені, ортақ мақсатты, ортақ болашақты көксейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қазақ халқына, қазақстандықтарға дер кезінде ұсынды», - деді философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов.

-Қазіргі уақытта жаңа заманның тарихи кезеңі келді, рухани дүние де демократиялана бастады, -деген професоор - яғни ойлау еркіндігінің ұстындары қоғамдық санада беки түсуде екенін айтты.

«Тарихтың қойнауында жатқан рухани мұраларымызды, тарихи тұлғаларымызды қайта жаңғыртуға талаптанған ғалымдарымыз Қорқыт Ата, әл-Фараби, Ибн Сина, Қожа Ахмет Иасауи, Ахмед Иүгінеки, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Асан Қайғы, Қадырғали Жалайыри, қазақтың билері мен ақын-жыраулары, Махамбет, Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ғұмар Қараш, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сияқты есімдері «Біз өзімізге этникалық тегіміз жағынан келсек, мың жылдан аса мәдениетіміз, тарихымыз, философиямыз бар халықпыз» деп тұжырымды халықтың әлем туралы образдары мен түсініктеріне қарап, оның ұлттық рухы мен діліне сүйеніп отырып айтуға бо­лады.

Қазақтардың ежелгі түркілік дәуірі кезеңінде дәстүрлі дүниетанымы болғ-ны мамандарға белгілі. Міне, сондықтан халықтың дүниетанымының семантикалық діңгегі, онтологиялық тірегі ретінде «құт» ұғымы алынады. Шы­ныменде қазақтың ұлттық болмысында «құт» деген терең ұғыммен өмірдің барлық саласы байланыстырылады. Кез келген әлеуметтік немесе рухани құбылыстың мағыналық, мазмұндық, құндылықтық көрінісі жеке адам үшін немесе бүтіндей халық үшін құтты, қайырлы болмаса, онда оның өзіндік келбетінің әлеуметтік субъект үшін мәні де жоғалатыны анық», - деді профессор өз баяндамасында. 

Соңғы жаңалықтар