Тарихи шешім күні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы тарихи шешім қабылдап, өз өкілеттігін тоқтатып, билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырғанына да тура бір жыл толыпты.

Осыдан бір жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы биліктің ауысуы туралы пікірінде былай деген еді: «Билік транзиті туралы сұрақ жиі қойылып жүр. Менің мандатым 2020 жылдың соңында аяқталуы тиіс еді, бірақ мен осындай шешім қабылдадым. Неге? Оған не себеп болды? Ең алдымен, мен Президент лауазымын нағыз танымал шағымда қалдырдым. 2015 жылы сайлауда мен 96% дауыс жинадым. Менің кеткенім үшін халық қамыққанын білемін. Бірақ, бұл бірегей оқиға емес. Бір кездері Де Голль де лауазымынан бас тартқан, Ли Куан Ю, Махатхир мырзалар да өзі кеткен». Бұл сөзді Нұрсұлтан Назарбаев Astana club панельдік отырысында айтқан болатын.

Ал бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында: «Бір жыл бұрын аса көрнекті мемлекет қайраткері, жаһандық деңгейдегі саясаткер Н. Назарбаевтан ел тізгінін қолға алу мәртебесі бұйырды. Мемлекетіміздің негізін қалаушы – Елбасы стратегиясы сабақтастығын жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқарылды. Елімізді жаңғырту реформалары жалғасын табады» деп жазды.

Ел өміріндегі елеулі күн туралы арнаулы тілшіміз ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлы АЯҒАН мырзамен сұхбаттасқан еді.

- Бүркітбай Ғелманұлы, Елбасы және толеранттылықтың қазақстандық үлгісі туралы не айтасыз? Осы мәселеде Елбасының рөліне тjқталып өтсеңіз.

- Бүгін Қазақстанда бейбітшілік пен өзара келісім ішінде 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүреді. Ал мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұлты. Республикамыз көпэтносты және көпдінді қоғамнан тұрады. Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді.

Біз Қазақстанның барлық тәуелсіз жылдары бойы түрлі этникалық топтардың арасындағы келісімді сақтай алдық. Ол келісімді сақтаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен қазақ елінің қонақжайлығы және даналығы. Бүкіл әлемде қазақстандық этникааралық келісімнің үлгісі туралы айтыла бастады. Оның негізінде тағдырдың еркімен және әртүрлі себептермен келген біздің ортақ отанымыздың территориясына мекендеп отырған барлық этникалық диаспораларға қазақтардың төзімді және шыдамды қатынасы жатыр. Елбасы жақсы ойластырылған кадрлық саясат жүргізіп, биліктің жергілікті және орталық органдарында еліміздің түрлі халқының өкілдері қызмет атқаруда.

Тәуелсіздік жылдарында этносаралық бейбітшілік пен келісім Қазақстанның бет айнасы, саяси брендіне айналды. Тұрақтылықта бірегей үлгісін жасау этносаралық қатынастардың шиеленісті мәселелерін демократиялық жолмен шешуге мүмкіндік беретін Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Қазақстан тұрғындарының полиэтникалық құрамы жағдайында ұлттық деңгейде азаматтық келісімді, ішкі тұрақтылықты сақтауға қол жеткізілуі мемлекет дамуының негізін қалады.

- Елбасы қалыптастырған жалпықазақстандық құндылықтардың жаңа жүйесі жайында тоқталып өтсеңіз?

- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұстанымы, стратегиялық бастамалары мен шығармашылық мұрасын сарапшылар тәуелсіз ел қалыптасуы мен нығаюындағы әрі қарай жан-жақты зерделеуді қажет ететін маңызды дереккөз ретінде зерттелуде. 2007 жылдан бастап жүзеге асырылған «Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси бастамалары», «Тұңғыш Президент және тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы» атты екі ғылыми бағдарлама түбегейлі және қолданбалы зерттеулер жүйесін құруға тиіс болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауынан тың жаңалықтар күтіп, болашаққа деген сенімдері мен үміттерін ұштай түсетіні қалыпты жағдай. Елбасы Жолдауында «Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Мәңгілік Ел – жaлпықaзaқстaндық ортaқ шaңырaғымыздың ұлттық идеясы. Бaбaлaрымыздың aрмaны», – деген қaнaтты сөзі күллі түркі хaлықтaрын бір серпілтіп, ертеңге деген сенім ұялaтқaны жaсырын емес.

- Әлем ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қандай тұлға ретінде таниды деп ойлайсыз?

- Елбасымызды және елімізді бүкіл дүниежүзі таниды. Өйткені, Елбасы өмірі мен қызметі елі мен жеріне, оның болашақ дамуына арналған. Парижде өткен Халықаралық көрме бюросының Бас ассамблеясында өткен дауыс беру рәсіміне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барып қатысуын сан саққа жүгірткендер де жетерлік. «ЭКСПО – 2017» көрмесін Қазақстанда өткізуге 103 мемлекет дауыс бергендігі – әлемге еліміздің танылғаны емес пе және оны мақтанышпен айта аламыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалай болып еді? Еске түсірейікші? Сол кезде-ақ Елбасы әлем елдері, оның ішінде АҚШ тарапынан Қазақстанға деген қауіпсіздік кепілдігін алмай тұрып, ядролық қарудан бас тартпайтындығы туралы айтқан сөзінен танбады. Кейіннен осы Дж.Бейкер өз естеліктерінде қазақ көшбасшысының берік ұстанымын жоғары бағалаған еді. 1992 жылы мамырда Қазақстан Президенті АҚШ-қа алғашқы ресми сапары кезінде ұзақ келіссөздер нәтижесінде Америка жағының біз туралы қарапайым ядросыз мәртебені місе тұтады деген үмітін жоққа шығарды. Қазақстан бейбітшіліксүйгіш ел, жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы сенімді әріптес ретінде танылды. «Біз, Қазақстан халқы, ядролық бұғаудан еркіндіктің арқасында босадық».

Сонымен бірге Қазақстан әлемде шекара мәселесін, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан сияқты елдермен сәтті шешкен ел болып отыр.

- Қазіргі әлемдегі жаһандық қауіп-қатерді еңсерудегі Елбасының бастамалары туралы не айта аласыз?

- Н.Ә.Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде тәуелсіздіктің алғашқы айларынан-ақ өзінің әлемдік деңгейде әрекет ететін саясаткерлердің бірі болатынына халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Оның көрінісі БҰҰ, UNESCO, ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар қатарында болуы.

Жаһандық қауіп-қатерден сақтану және оның алдын алу бағытындағы ықпалды іс-шаралардың ең тиімдісі біздің қоғамымыздағы ынтымақтастық пен бірлік және келісім екендігі көпшілікке жақсы белгілі. Бұл орайда кездесуге қатысып, сөз алғандар халықаралық ықпалды мекемелерге кеіруі және оның келешегіне үлкен сенім жүктеліп отырғандығын да ашып айтты.

- Елбасының қолдауымен жастарды қолдау бойынша бірқатар жобалар іске асырылды. Осы жобалар жастарға қалай әсер етті?

- Жастар - ұлт болашағы.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күштi қанатты,

Мен жастарға сенемiн!» деп Мағжан Жұмабаев ақын жырлағандай, бойында қайраты бар, жігерлі жастарымыз баршылық. Жігерлі қыз-жігіттер – елдің ертеңі, мемлекетіміздің тірегі. Еліміздің болашағы жастардың қолында, еліміздің арайлы таңының пердесі тек белсенді жастармен ғана ашыла алады. Елімізде «Жастар» жылының жариялануы мемлекет басшысының жас буын өкілдеріне арнаған жарқын үндеуіне айналып отыр. Болашағының жарқын болып, ойлаған арманын іске асырып, алдына тың жоспар қоя білген әр жас маман буынға осы жыл таптырмас мүмкіндіктердің бірі болып отыр. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға!

- Сұхбатыңызға рахмет.


Соңғы жаңалықтар