Тарбағатайлық «Бабалар сазы» этно-тобы Иранда өнер көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы «Бабалар сазы» этно-тобы Ұлыстың ұлы күніне орай Иранда бірнеше концерт береді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ансамбль жетекшісі Шәкен Көпшікбаева айтып берді.

«Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы арқылы барлық жерге халықаралық байқаулардың ережелері келеді. Біз сол келген ереже бойынша дайындалып, интернет арқылы аудио және видео материалдарымызды жібердік. Содан кейін ережеге сай болған ансамбльдер әртүрлі фестивальдерге қатысады. Біз де сол шартқа сай келгендіктен, Иран Республикасына жолымыз түсіп отыр», - дейді Шәкен Көпшікбаева.

«Бабалар сазы» этно-тобы Тарбағатай ауданы Ақсуат мәдениет үйінде 2014 жылы құрылған. Ансамбльді құрушылар қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық көне аспаптарын қайта жаңғыртуды мақсат тұтқан. 2015 жылы ансамбль Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық этнофольклоршылар байқауына қатысып, өзінің қайталанбас мәнерімен көптің құрметіне ие болған. Ансамбль өнерпаздары шертпелі аспаптарда, жетіген, шертер, үш ішекті домбырада, шіңкілдек, соқпалы аспаптарда, дауылпаз, асатаяқ, шаңқобыз, сазсырнайда ойнайды.

«Бізге Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісінің қолы қойылған шақырту келді. Аудан әкімі (Тарбағатай ауданы әкімі Ділдәбек Оразбаев - авт.) зор қолдау көрсетіп отыр. Қазақстан аумағындағы шығындарды өзіміз жапсақ, Тегерандағы шығынды Иран тарапы көтеретін болды. Тегеранда бірнеше концерт береміз», - дейді ансамбль жетекшісі.

Ансамбль құрамында алты адам бар. Атап айтқанда, этно-топтың көркемдік жетекшісі Қанат Әбуғазин Құрманғазы атындағы консерваторияда жыл сайын шеберлігін шыңдап келеді екен. Ал Еламан Құжыманов - ансамбльдің әншісі. Екіншіден, ол домбырада, асатаяқта, шаңқобызда ойнайды. Топ өнерпаздарының әрқайсысы бірнеше аспапты меңгерген. Ғалымбек Ахметов құс сайрауық, сазсырнай, даңғарада, шаңқобызда ойнап, ән шырқаса, Айжан Тілеуленова жетекші домбырашы ретінде күйшілігімен көпті таңғалдырып келеді. Сандуғаш Орынбекова жетігеннің, Ләззат Найманғазықызы қылқобыздың шебері.

«Ирандықтарға арнап арнайы репертуарымызды дайындадық. Нақтырақ айтқанда, Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауын Еламан Құжыманов орындайды. Одан кейін Алмас Ақатұлының «Домбыра» деген шығармасы бар. Оны да Еламан паш ететін болады. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлері мен Алтай-Тарбағатай мектебіне тән «Халық күйі» атанып кеткен «Бұлғын-сусарды» орындаймыз. «Тарбағатай - Тәңіртау» деген шығармасы да көптің көңілінен шығар деген сенімдеміз», - дейді Шәкен Көпшікбаева.

Айта кетсек, «Бабалар сазы» этно-тобы 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, «Ұлы Дала қырандары» республикалық қозғалысының филармониялық өнер ұжымдары ішінде Астанада бас жүлде алған. 2017 жылы Шығыс Қазақстандағы Глубокое ауданында «Ғасырлар пернесі» атты фестивальде де топ жарған болатын.

Соңғы жаңалықтар