Тараздағы техникалар қысқы маусымға дайын

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы техникалардың қысқа дайындығы тексерілді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылы қала аумағындағы автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстары үшін жалпы жергілікті бюджет тарапынан 50 000,0 теңге қаржы қарастырылған.

«Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-гі қысқы маусымда қала аумағындағы автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарында төтенше жағдайлар туындамас үшін тазалық жұмыстарын жүргізетін болады.

«Қазіргі таңда 2000 текше метр құм, 800 тонна тұз жинақталған. Бұл қор 2020 жылға жеткілікті деп жоспарлануда. 2021 жылы 1000 тонна тұз, 3000 текше метр құм сатып алу үшін 13 071 450 теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылуда», — дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің бас инженері Талғат Торғаев.

Аталған серіктестікпен қар тазалау жұмыстарына 51 бірлік техника дайындалған. Оның ішінде, 25 бірлік қар күрейтін және құм аралас тұз себетін арнайы техника, төрт тиегіш техника, екі бірлік автогрейдер, 10 самосвал, бес бірлік МТЗ тракторы және бес бірлік МК-320 тракторы бар.

Автокөлік техникаларын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-гі «Мади» жанар-жағармай құю стансасымен келісімшарт жасасқан.

Қала көшелеріне қыс маусымында тазалық жұмыстарын қамтамасыз етуге 271 қоғамдық жұмысшы жұмылдырылады. Бұл қоғамдық жұмысшылар қала аумағында орналасқан аялдама және басқада қоғамдық орындарда тазалау жұмыстарын жүргізетін болады.

Қоғамдық жұмысшылар үшін қар күреу жұмыстарына қажетті құрал-саймандар толық дайындалған.

Мекемеде тәулік бойы қызмет атқаратын диспетчерлік қызмет бар. Тәулік бойы қызмет атқару үшін «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-нің базасы жұмысшылардың демалуына, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне, материалдық базасы мен техникалық жөндеу орталықтары талапқа сәйкестендірілген.

«Қалалық әкімдік қажетті техникамен қамтамасыз етіп отыр. Сіздердің тараптарыныздан жұмыс уақытылы және тиянақты атқарылғанын талап етеміз. Әр жұмысшының жағдайы жасалып, жалақысы уақытылы берілуі басты назарда болуы керек»,- деді Тараз қаласының әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.

Айта кетейік, бүгінде қар күреуші бригадалар тәулік бойы ауысымды кесте бойынша жұмыстарын бастап кеткен.


Соңғы жаңалықтар