Тараздағы мектептерде кезекші топтардың саны артты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы орталығындағы мектептерде оқу жылының екінші тоқсанынан бастап кезекші топтардың саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде бірінші тоқсанда тек бастауыш сынып оқушылары ғана дәстүрлі форматта оқыса, енді оларға бесінші сынып та қосылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті рет Тараз қаласындағы мектептерді аралап, олардың жаңа басталған екінші тоқсанға дайындығын тексерді.

«Егер бірінші тоқсанда 1683 кезекші топ болса, екінші тоқсанда олардың саны 1779-ға жетті. Қазір Тараз мектептерінде дәстүрлі түрде барлығы 18 мың оқушы білім алуда, оның 1300-і жаңа тоқсанда қосылған бесінші сынып оқушылары. Сабақтар әртүрлі уақытта басталады, сондықтан оқушылардың топталуына жол берілмейді», - дейді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев.

Аймақ басшысы санитарлық-дезинфекциялық және маска режимінің, балаларды шахматтық тізбекпен отыруын және әлеуметтік арақашықтықтың сақталуына баса назар аударды.

№17 орта мектепте дәстүрлі негізде 160 бала оқиды. Барлық кабинеттер дезинфекциялық құралдармен жабдықталған, түгелдей маска тағынған балалар әр партаға бір-біреуден орналасқан.

«Кіреберісте автоматтандырылған өткізу жүйесі бар турникет орнатылған. Ата-аналар баласының мектепке келгені немесе үйіне қайтқаны туралы SMS -хабарлама алып отырады», - дейді директор Мұхтар Досмаханұлы.

Биыл мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту, кәріз, сумен жабдықтау жүйелері жаңартылды. Барлық ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары мерзімінде аяқталды.

Ал, шаһардағы №24 мектеп-гимназиясындағы 15 кезекші сыныпта 216 бала оқиды. Директор Марина Гладченко антисептик пен термометрлерді алдын ала сатып алып қойғандарын жеткізді. Мұғалімдер әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қатаң қадағалайды.

Аймақ басшысы кабинеттер мен спорт залын көріп,кітапхана жұмысына қызығушылық танытты.

«Балалар кітапханадан екі тілдегі көркем және ғылыми кітаптарды таба алады.

Жаңа дүниелер тұрақты түсіп тұрады. Олар сүйікті кітаптарын QR-код арқылы да

жүктей алады», - деді Марина Гладченко.

Облыс әкімі оқу-тәрбие үрдісіне айрықша көңіл бөлінетіндігін ескеріп, мектеп басшылығының жұмысына жақсы баға берді.

Рет-ретімен ілінген қазақ хандары мен Екінші дүниежүзілік соғысы батырларының

портреттері де еріксіз назар аудартады.

«Сіздерден үлгі алып, басқа мектептер де мәселемен шығармашылық тұрғыда

айналысуы керек. Балалар өз тарихын білуі тиіс. Өткенсіз болашақ болмайды. Тек нағыз патриоттар ғана біздің елімізді жеңістер мен жаңа жетістіктерге жетелейді», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кету керек, бүгінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия ғимаратына жапсарлас салынған нысанға 12 сынып және екі мультимедиялық кабинет орналасқан. Мұнда тек 296 бастауыш сынып оқушысы білім алуда.


Соңғы жаңалықтар