Тараздағы «Қарахан» және «Тектұрмас» этнотарихи кешендері жаңғыртылып жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құрылысы жалғаса түседі. Сондай-ақ, «Қарахан» кесенесі де қайта жаңғыртылып жатыр. Жамбыл облысының әкімі аталған нысандарды аралап, ондағы жұмыстар барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Аталған нысандар еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін де, тағзым етшілер үшін де тартымды орын саналады. Алдағы уақытта тиісті инфрақұрылым тартылып, қайта жаңғырту шаралары атқарылғаннан соң олар «Айша бибі» кесенесі мен «Көне Тараз» кешенімен қатар туризмді дамытудың локомотивіне айнала түседі деп күтілуде. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та тілге тиек етті.

«Тектұрмастағы жұмыстарды екі кезеңге бөлу керек, алдымен абаттандыру жұмыстарын аяқтап, содан кейін бекіністің құрылысын бастаған дұрыс. «Қарахан« және «Тектұрмас« кешендеріне туристік маршруттарды ұйымдастыру, гидтер мен экскурсоводтарды оқыту қажет. Туризм басқармасы туризмді дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуі қажет. Жамбыл облысы барша Қазақстан мен шетелге барынша жарнамалап, марқая көрсетуге тұрарлық тарихи нысандарға бай», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.


Бүгінде «Қарахан» кесенісі аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Қарахан» және «Көне Тараз» кешендерін қосатын жаяу жүргіншілер аймағын қамтитын сквер салу жобасы іске асырылуда. Қала әкімдігі мемлекеттік қажеттіліктер үшін ондағы бес жеке үйді сатып алу мәселесін қарастыруда.

Аймақ басшысы көгалдар мен гүлзарлар отырғызып, Байзақ батыр көшесі жағынан Қарахан кесенесінің панорамалық көрінісін аша түсуді, ол жақтан да жеке кіреберіс салуды ұсынды.

Сондай-ақ, облыс әкімі барған екінші нысан – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені өткен жылы қайта жанданып, онда Әулиеатаға алып ескерткіш қойылып, басқа да сәулеттік элементтер орнатылған болатын. Алайда, жобаны толық аяқтау үшін ол жерге ортағасырлық бекініс тұрғызып, сарқырама, жағалауды абаттандыру, кешен мен кесененің арасына аллея салу, Аңырақай және Атлах шайқастары бейнеленген барельефті қабырға орнату жүргізілуі керек. Ал аспалы жол салу мәселесі кешен толығымен аяқталғаннан соң қаралмақ.


Соңғы жаңалықтар