Таразда «Ядролық қарусыз әлем құру» форумы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жарлығымен Семей сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай 21 қыркүйек күні Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Ядролық қарусыз әлем құру» форумы өтеді. Бұл туралы аталған оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

Ресми деректерге сүйенсек, Семей полигонында 1949-1989 жылдары аралығында 468 мәрте ядролық бомба сынақтан өткізілген. 1953 жылдың 12 тамызында тұңғыш термоядролық құрылғы, 1955 жылы 22 қарашада әлемдегі ең алғашқы сутегі бомбасы да қасиетті Семей топырағында сынақтан өтіп, 1,5 млн-ға жуық халық радиацияның құрбаны болған. Тарих қойнауына кірген кешегі Семей полигонын жабу туралы шешім қабылданғанына биыл 25 жыл. Ширек ғасыр аралығында әлі де болса ядролық қарудың қаупі сейілмеді. Әлемдегі әлеуетті, алпауыт елдер әлі де болса, бұдан түбегейлі бас тартуға қадам баспады. Қазақстан ядролық қарудан азат болған мемлекет ретінде бейбітшілікке үндеп, ядросыз әлем құру саясатын насихаттап келеді. Жамбыл облысындағы жоғары оқу орындары ұжымы мен студенттерінің және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосатын келелі кеңестің де мақсаты осы. Әлемді адамзаттың қас жауы болған қарудан бас тартуға шақыру.

Жиын барысында жалпыпленарлық отырыс өткізу жоспарланған. Онда қатысушылар ядролық қаруды қолдану және сынау құрбандарын еске алып, қарусыздандыру және таратпаудың өзекті мәселелерін қарайды және қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсыныстар айтылады деп жоспарлануда. Форумның соңында арнайы үндеу қабылданады деп күтілуде.

Үндеуде: «Біз баршаңызды Елбасымыздың баянды бастамасына құлақ түріп, бейбітшілікке төнген ядролық қатерді жоюға, біздің ортақ планетамызды өркендетуге және ессіздіктің нағыз алапатын саналы түрде жете түсінуге шақырамыз!», - делінген.

Соңғы жаңалықтар