Таразда түнде такси жүргізушісін ұрып, тонап кеткен жолаушылар ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Тараз қаласында түнгі уақытта такси жүргізушісін соққыға жығып, тонап кеткен 32 және 29 жастағы тұрғындар қолға түсті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеке көлікпен адам тасумен айналысатын Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны кешкі сағат 19.30-да қала орталығынан екі адамды Қант зауыты ауданына апаруға келіседі. Межеленген жерге, яғни жарықсыз және адам көп жүрмейтін көше келгенде жолаушылар жүргізушіні көліктен шығарып, жерге құлатып, ұра бастаған. Жәбірленушіге қарсылық көрсетуге мүмкіндік бермей, біреуі - спорттық битамен (сақа), екіншісі жұдырықпен соққылаған. Жәбірленушінің жеке мүлкін алып, қаскүнемдер оқиға орнынан бой тасалаған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігі (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, жеке мүлкі жәбірленушіге қайтарылды. Күдіктілерге қатысты Жамбыл облысының Мамандандырылған тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Күдіктілердің бірі осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын бірнеше рет сотты болған»,-делінген ведомство хабарламасында.

Тараз қалалық полиция басқармасы жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерді қала сыртына екі және одан да көп адамды жеткізу кезінде қырағы болуға шақырады.


Соңғы жаңалықтар